Біз болашақта Олимпиада чемпиондары боламыз - Республикалық спорт мектеп-интернатының тәрбиеленушілері
АЛМАТЫ. Қазанның 14-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Біздегі жас боксшылар 100 баланың ішінен іріктеліп алынады». Бұл бүгін Елбасы Алматы қаласының Шаңырақ ықшам ауданындағы Спорттағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернаттың жұмысымен танысқан кезде айтылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жас спортшылар Елбасымен болған жүздесу кезінде болашақта Олимпиада чемпионы болғылары келетіндерін айтты. Нұрсұлтан Әбішұлы олардың өз армандарына қол жеткізуіне тілекші екенін және бұл үшін мемлекет те барлық жағдайды жасап жатқанын жеткізді. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, AIBA төрешісі, жоғары дәрежелі аға жаттықтырушы Кәрімжан Әбдірахмановтың айтуынша, бұл мектеп-интернатқа жасөспірімдерді қабылдау жыл бойы жүреді. Оған спортпен айналысқанына 2-3 жыл болған және 1-ші спорттық дәрежесі бар 7-11 сыныптағы жасөспірімдер қабылданады.
«Қазір боксқа балалар ғана емес, олардың ата-аналары да ерекше қызығушылықпен қарайды. Мәселен, биыл 5 орынға 150 бала таласты. Іріктеу кезінде әрқайсысының қасында ата-анасы, бауырлары, достары деген сияқты 5 адамнан еріп жүрді. Олар келген кезде кім жеңеді - сол осында қалады, ал жеңілгендерің орындарыңды өзгелерге босатасыңдар деп ашық айттым. Жалпы мен өз шәкірттерімді бірін-бірінен бөле жарып айтқым келмейді. Бәрі талантты, бәрінен де зор үміт күтем», дейді К.Әбдірахманов. КСРО-ның 2 дүркін чемпионы атанған әйгілі спорт саңлағының сөзіне қарағанда, онда тәрбиеленіп жатқан спортшылардың кейбірі өз қатарластары ғана емес, жастар арасында бақ сынай бастады. Сондай-ақ ұлттық құрамаға шақырылғандар да бар.