Біз бүкіл әлемге тағы бір мәрте қоғамымыздың демократияланғанын паш еттік- Н. Назарбаев
Астана. 4 сәуір. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Біз бүкіл әлемге тағы бір мәрте қоғамымыздың демократияланғанын, сондай‑ақ өз жетістіктерімізді паш еттік.
3 сәуір күні өткен ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауының алғашқы нәтижелермен "Нұр Отан" ХДП-ның Орталық аппаратындағы сайлауалды штабында мыңдаған жақтастарымен бірге танысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.
«Қазір ғана бүгінгі тарихи шараның алдын ала мәліметтері белгілі болды. Бұл шын мәнінде тарихи сайлау болып табылады. Өйткені біз бүкіл әлемге тағы бір мәрте қоғамымыздың демократияланғанын, сондай‑ақ өз жетістіктерімізді паш еттік. Бұл күні бүкіл әлем өз назарын тағы да Қазақстанға аударып, сайлау нәтижесін күтті. Сайлау әділ әрі ашық өтті. Құқық қорғау органдары заңдылықты қадағалады. Президенттікке кандидаттардың барлығына тең құқықтар мен бірдей мүмкіндіктер берілді. Біз ашық қоғамбыз. Сондықтан да осы шараны қадағалап, байқау үшін елдегі сайлауымызға мыңдаған шетелдік байқаушылар келді, екі жүзден астам шетелдік БАҚ өкілдері тіркелді. Олардың барлығына барынша жағдай жасалды», ‑ деді Елбасы.
Сонымен қатар Н. Назарбаев алдын ала мәліметтерге сүйене отырып, қазақстандық жұртшылықтың басым бөлігі кезекті рет реформаны жақтағанын, қоғамды жаңғырту жолын таңдағанын, азаматтардың ахуалын жақсарту бағытын қолдағанын атап өтті. «Сайлауда дәл сайлау күні емес, одан бұрын жасаған істерінің жеңіске жетеді. Ендеше біздің өткен жиырма жылда жүзеге асырған істеріміз бекер болмады. Бұл сол бағыттағы атқарылған ісіміздің бағасы, сынағы болды», - деген Елбасы өзінің сенімді өкілдеріне, әсіресе өзін жақтауда белсенділік танытқан жастарға ризашылығын білдірді. Президентке үміткер болған басқа да кандидаттарға алғысын айтып, олардың көтерген ұсыныстарына назар аудару қажеттігін еске салды. «Біздің барлық жетістіктеріміз бірліктің нәтижесі. Көпұлтты Қазақстанның татулығының жемісі», - деді Н. Назарбаев.