Біз цифрлық қоғам жасағымыз келеді - Бағдат Мусин

- Сіздің Қазпоштадан Бас прокуратураға ауысқаныңыз көпшілік үшін күтпеген жайт болды. Мүлдем ұқсамайтын салалар...
- Мен мұның алдында мемлекеттік секторда көптеген ІТ жобаларды жүзеге асырдым. Мені Бас прокурор кеңесші ретінде шақырды. Негізінен прокуратура саласында осы жобаларды қалай енгіземіз деген мәселе болды. Бас прокурорды Қазпоштаның трансформацияны қалай жүргізгені қызықтырды. Прокуратура саласында жаңа трендтер мен өзгерістер енгізу қажет екендігі түсінікті болды. Мен өзімнің құқық қорғау саласынан алыс екендігімді мойындадым. Тіпті клиент ретінде құқық қорғаушылардың қызметін пайдаланып көрмеппін. Тек автожүргізуші ретінде ғана жол полициясымен біраз сөйлесуге тура келді. Мына мәселені айтқым келеді. Егер құқықбұзушылық туралы акт 5 минут ішінде жасалса, жүргізушілердің 40 пайызы пара бермес еді. Яғни, мен беделді адаммын. Жол ережесін бұзғанымды мойындаймын. Тезірек акт толтырып, айыппұлымды төлеп кете беремін. Бірақ көлденең көк аттыға ақша бергім келмейді. Осы туралы Бас прокурормен біраз сөйлестік. Өзара әңгімеден ұққаным, полицияның, әсіресе жол полицейлерінің қоғамдағы қалыптасқан бейнесін өзгерту керек. Егер полицей планшетпен жұмыс жасайтын болса, ол туралы басқаша пікір қалыптасады. Бұл біртіндеп «Е-айыппұл» жобасына көшуімізге әкеледі. Осы мәселелерді кеңесе отырып, Бас прокурор маған комитетті басқаруды ұсынды. Мен шамалы ойланып қалдым. Ол маған не үшін керек? Қазпоштадағы жұмысым да жақсы.
- Жалақыңыз да көңілден шығады...
- Жалақы жаман емес, жұмыс жасауға барлық жағдай жасалған. Барлығы мені басшы ретінде бағалайтын. Сонымен қатар, мен трансформацияны бастадым, аяқтамай кетіп қалсам не болады? Қазпоштадан 3 жылдан соң кетемін деп жоспарлап жүргенмін, ал шын мәнінде 2 жыл 3 айда шығып кеттім. Жақып Қажыманұлы мені бірнеше рет шақырды. Бас прокурор шақырса қалай бармайсың? «Стив Джобс әлгі кока-коланың негізін қалаған адамды жұмысқа шақыра алмай жүрген ғой. Содан бір кездескенде, сен әлемді өзгерткің келе ме, әлде сол газ сусыныңды сатып жүре бересің бе?» деген екен. Сондай кездесулердің бірінде ол маған да осы тектес бірдеңе айтты. Яғни, сен хаттардың жетуін одан әрі жақсарта бересің бе, әлде үлкен өзгерістерге барасың ба деген сияқты.
Шынымды айтсам, мені қазір «Е-айыппұл» сияқты жобалар қатты қызықтырады.
Комитетте барлық айыппұлдардың базасы сақталған. Біз оларды электронды рельске шығаруымыз керек. Бүгінде Астанада алғашқы ілкі жоба іске қосылды. 4 экипаж осы жүйемен жұмыс жасап келеді. Полицей жүргізушінің жеке куәлігінің штрих-кодын планшетке «скандап» алады, Онда менің кім екенім, қайда туғаным, қанша айыппұлым бар, сақтандырылған ба, техбақылау бар ма деген сияқты ақпарат шығады. Сондай-ақ, енді адамды психологиялық немесе есірткі диспансерінде тұра ма, жоқ па соны жедел анықтау үшін тағы қосымша жұмыс жасап жатырмыз. Мәселен, адам 10 жыл бұрын көлік жүргізу куәлігін алса, психологиялық ауытқуларға байланысты ол 3 жыл бұрын есепке алынуы мүмкін. Хаттамалар да видеофиксацияға көшеді. Болашақта қағаз хаттамадан мүлде бас тартуымыз керек. Жол полициясы қалады, әрине. Ол жолдағы қозғалыс қауіпсіздігін бақылап отырады. «Е-айыппұл» жобасы қағазбастылықтан құтқарады. Біздің болжауымызша, айыппұлдар да мерзімімен өтеле бастауы тиіс. Яғни, айыппұлды сол кезде банк карточкасы арқылы төлеуге мүмкіндік туады. Сайып келгенде, бұл жаңалықтың басты міндеті - цифрлық қоғамды қалыптастыру.
- Бірақ, полицейлердің ішінде құқық бұзушылықты түсіндіріп айтып бере алмайтын адамдар да баршылық қой. Олар цифрлық қоғамға қалайша бейімделетін болады?
- Ондай нәрселерді ескере беретін болсақ, мүлдем бастамауға да болады. Олардың бәрін оқытуға болады. Өйткені, қазір смартфон қолданбайтын полицей жоқ.
Егер, заң білмей тұрса, планшеттен қарасын. Полицейдің IQ деңгейі мүлде бөлек тақырып. Біз олардың миын ауыстырмаймыз, әрине. Ол білгісі келмесе, білмейді. Үйренгісі келмесе, үйренбейді. Пара алғысы келсе, ала береді. Мен бір нәрсені ескергім келеді. Жүргізуші қай жағдайда пара береді? Хаттама толтыру уақыты созылып кеткенде. Бұл жоба бірінші кезекте азаматтар мен полицейлердің қатынасын айқындауға, жақсартуға бағытталған. Астаналық полицейлер өзге аймақтағыларға үлгі болуы тиіс. Жобаны Қазақстанның ірі қалаларында жүзеге асыратын болсақ, ол жергілікті әкімдерге байланысты болады. Өйткені, планшеттерді мен алып бермеймін оларға. Барлығы сұрап жатыр. Енді комитет гаджет сатып алуға бюджеттен ақша сұрай ма деп. Жоқ, мен тек жобаны жасадым. Қалғаны жергілікті әкімдерге байланысты.
- Әкімдерден кім қызығушылық білдіріп отыр?
- Әсет Исекешев қолға алды. Батыс Қазақстан мен Ақтөбе әкімдері хабарласты.
- Бұл жобаның жүзеге асып, қоғамға толық бейімделуіне қанша уақыт керек?
- Мен сізге келесі жылы кездесіп, қорытынды жасауды ұсынамын. Келер жылы мамырда Астана мен Алматыда аталған жоба толық жұмыс жасайды деп сенемін. Мен жыл деп сізге айтып отырмын. Ал, өзім жылдың соңына дейін біржақты етуге тырысамын.
- Қандай мерзім туралы айтып отырсыз? Сіз Қазпоштада 3 жыл істеймін деп, жоспарыңыз өзгеріп, 2 жыл 3 айда шығып кеттім деп едіңіз?
- Мұнда 2 жыл деп жоспарлап отырмын. Біз тек ІТ технологиямен айналысып отырған жоқпыз. Біз сондай-ақ, прокурорларды қоғамға ашық ету үшін жұмыс жасап жатырмыз.
- Сіз Қазпоштаға келгенде өзіңіз хат тасыдыңыз. Ал, мына қызметте өзіңіздің жаңалықтарыңыз қалай жүзеге асып жатқанын қалай тексермексіз?
- Әрине, «Е-айыппұл» жобасы енгізілген кезде жолполдармен көшелерде жүрдік. ІІД-мен бірлескен жұмыс барысында байқағанымыздай, адамдар ІІБ-на тергеу жұмыстарына емес, шетелдіктерді тіркеуге көп барады екен. Премьер-министрмен кеңесе отырып, бұл жүйені ХҚКО енгізу керектігін айттым. Amazon негізін қалаушы Джефф Безос «клиенттеріңнің не қалап тұрғанын сезбесең, бизнесің мәңгілік емес» деген екен.
- Сіздің ойыңызша, жетекші өзінің қызметкерлерінің жұмысын клиент ретінде тексеруі керек пе?
- 100 пайыз келісемін. Жапон автоөнеркәсібі Американың автоөнеркәсібін, былайша айтқанда, «жеп қойды» ғой. Неге деп ойлайсыз? Олар «кайдзен» қағидасымен жұмыс жасап келеді. Өндірісте ұсақ-түйек деген болмайды. Кайдзенде Гемба деген түсінік бар. Басшы аптасына бір рет өндіріске келіп, қалай жұмыс жасап жатқанын көру керек. Бізде ол пиарға айналып кетеді, өкінішке орай. Бұл - менеджмент принципі. Егер компанияның қалай жұмыс жасайтынын білмесең, сенің бизнесіңнің болашағы бұлыңғыр. Егер, үлкен Басшы қоластындағы қарапайым адамдармен сөйлескісі келмесе, ол бизнес пайда әкелмейді. «Пять пороков команды» кітабының авторы Патрик Ленсиони басшының басты қасиеті шиеленістерге барудан қорықпайтындығында деген.
- Сіз қандай басшысыз?
- Мен шиеленістерден қорықпаймын. Менің де көңіл күйім әртүрлі болады. Тез шешім қабылдауға тырысамын. Өйткені қазір уақыт 10-20 жыл бұрынғыдан анағұрлым тез өтеді. Нарықтағы кейбір жаңалықтарға көңіл бөлмесең, бизнесіңнен айрыласың. Мемлекеттік салада да солай.
- Қоластындағы жұмыскерлеріңізге қатаң талап қоясыз ба? Дауыс көтересіз бе?
- Иә. Талап қоямын. Дауыс та көтеремін. Ұжымыма үнемі айтамын, Біреуді ренжіткен болсам, маған кіріп ескертсін. Кешірім сұраймын. Онда тұрған ештеңе жоқ.
- Тағы қандай жаңа жобалар жүзеге асырып жатырсыз?
- Келесі жоба - электронды қылмыстық істер жобасы. Мемлекеттік органдарда смартфон қолдануды тыйым салдық қой. Осы мәселені қайта қарауымыз керек. Өйткені, біз цифрлық қоғам жасағымыз келеді. Бірақ цифрлық болуға мүмкіндік бермейміз. Мемлекет басшысының соңғы жолдауы аясында жүйе басқаша жұмыс жасауы тиіс. Электронды қылмыстық істер жобасы істі бұрмалауға шек қояды. Яғни, қағаздағы түсініктемелер жойылып кетпейді. 15 маусымда Жамбыл облысында ілкі жоба енгізіледі. Тергеушілермен сөйлестік. Бір істі табу үшін көп уақыт кетеді. Енді тергеушілердің өзі істі тез арада таба алатын болады.
«Е-нотариат» жобасы бар. Оның алдында нотариустар өткен күнмен құжат толтыра беретін. Енді болмайды.
- Қазір сіздің «Qamqor» жобаңыз жүмыс жасап жатыр. Оның кәсіпкерлерді қорғауда рөлі қандай?
- «Qamqor» да жемқорлықты жою үшін, жоспардан тыс тексерулерді жою үшін жасалған. Жақында байқағанымыздай, шағын бизнесті өрт сөндіру қауіпсіздігімен, СЭС тексерулерімен қорқытады екен. Қосымшада тексерушінің аты-жөні, тексеру мерзімі жазылады. Бірақ, бизнестің құқық бұзушылығы да назардан тыс қалмайды.
- Цифрлық мемлекет болу үшін қанша уақыт кетеді? Көбіне проблема адамдардың менталитетінде де болады. Мәселен біз көңілге қараймыз, жақсы қатынаста болғымыз келеді Тамыр таныстық бар дегендей. Сіздің жаңалықтарыңыз қоғамға қаншалықты сіңіп кетеді?
- Көп дегенде 5 жыл ішінде адамдар өзгерісті сезіне бастайды. ХҚКО-на үйрендік қой. Сол сияқты бұған да үйренеміз. Біз неге кофе аламыз, дәмханаға барамыз. Өйткені сырты әдемі, әрі жақсы қызмет көрсетеді. Мәселе жаңалықтың бәрін әдемі түсінікті етіп жеткізе білуде. Бұл Мемлекет басшысы қойған тапсырмаларды орындауда үлкен жауапкершілікті талап етеді.