Бiз допингтiк дау-дамайдан дұрыс нәтиже шығардық - ҚР ауыр атлетика федерациясының басшысы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы отандық спортшылармен болған допингтiк дау-дамайдан дұрыс нәтиже шығарды, деп хабарлайды федерация басшысы Жанат Түсiпбеков "ҚазАқпарат" тiлшiсiне берген сұхбатында.

 Бiз допингтiк дау-дамайдан дұрыс нәтиже шығардық - ҚР ауыр атлетика федерациясының басшысы

"2014 жылдың қорытындылары бойынша, бiзге әлем қауымдастығы алдында сол бiр допингтiк даудан дұрыс нәтиже шығарғанымызды дәлелдей алдық деп есептеймiн және бiз допингке қарсы күрестi күшейте түстiк. Осы мақсатта 2014 жылы спортшылар мен бапкерлерге арнап 5 семинар ұйымдастырылды, соның iшiнде Алматыда Халықаралық ауыр атлетика федерациясы антидопингтiк комитетiнiң төрағасы мен президентiнiң қатысуымен iрi семинар өткiздiк. Оған өзге де спорт федерацияларының өкiлдерi қатысты", - дедi Ж. Түсiпбеков.

Сонымен қатар оның сөзiне қарағанда, Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы тыйым салынған дәрiлердi қолдану фактiлерiнiң тiркелуiне байланысты Халықаралық ауыр атлетика федерациясына жарты миллион АҚШ доллары шамасында айыппұл төледi.

"Соған байланысты бiздiң ең басты мақсаттарымыздың бiрi - бапкерлер мен спортшыларға допинг қолдану қауiптi әрi пайдасыз екендiгiн жеткiзу. Осы құбылыспен алда да ымырасыз күресетiн боламыз", - деп атап өттi ол.

Еске сала кетейiк, допингтiк дау-дамай 2013 жылы орын алды. 13 қазақстандық ауыр атлет (10 жасөспiрiм мен 3 ересек) тыйым салынған препараттар қолданғандығы анықталды және 2 жылға спорттан шеттетiлдi.