Біз еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарының деңгейі биік және мемлекетшіл болуына мүдделіміз - М. Тәжин
АСТАНА. 28 маусым. ҚазАқпарат - Біз еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарының деңгейі биік және мемлекетшіл болуына мүдделіміз.
Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин бұқаралық ақпарат құралдарының бірқатар өкілдеріне Президенттік сыйлықтар мен гранттар және алғыс хаттар табыс ету барысында осылай деді.
«Біз еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарының деңгейі биік және мемлекетшіл болуына мүдделіміз. «Газет халықтың көзі һәм құлағы» деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, баспасөздің қоғамдағы рөлі зор»,- деп атап өтті Мемлекеттік хатшы.
М. Тәжиннің пайымдауынша, бұқаралық ақпарат құралдары қазіргі жаһандану дәуірінде мемлекеттілікті сақтауға, тәуелсіздікті нығайтуға, халықты ортақ мақсатқа топтастыруға ықпал етуі тиіс.
«Еліміздегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтауда да журналист қауымына жүктелетін жауапкершілік зор. Қазақ елінің іргесі кеңейіп, мәртебесінің артуына журналистер көп еңбек сіңіруде»,-деді ол.