17:04, 29 Мамыр 2009 | GMT +5
Біз ең алдымен барымызды бағалауымыз керек ? Мәдениет және ақпарат министрі
АЛМАТЫ. Мамырдың 29-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Біз ең алдымен барымызды бағалауымыз керек. Бұл пікір бүгін Алматыда өткен Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының кезекті пленумында айтылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Кейінгі кезде отандық театрлардың 15-ке жуық қойылымдарын көріп шықтым. Сол залдан мен шынымды айтайын, әріптестеріңізді көп көрген жоқпын. Өте сирек келесіздер. Тіпті театрға бармай тұрып сыртынан сынап жіберуге шеберсіздер. Біз ең алдымен барымызды бағалауымыз керек. Сіздер бүгін бір-бірлеріңізді қатты сынадыңыздар. Мен осы жерде адамзаттың аса ұлы жазушыларының бірі ? Толстой ақсақалдың ғасыр басында Шекспирдің түгін қалдырмай жазған «Шекспир және оның драмалары» дейтін рецензиясын есіме түсіріп отырмын. Сонда Шекспирден іліп алатын ештеңе қалдырмайды. Шекспир бірде-бір сюжетін өзі ойлап таппаған. Оның барлығы оған дейінгі болған дүниелер. Шекспирдің ұлылығы сонда, күнделікті күйкі тірліктегі ұсақ-түйектің бәрін алып тастап Отелладан бір адамның трагедиясы арқылы бүкіл махаббаттың трагедиясын көрсетті. Гамлеттен бір әулеттің трагедиясы арқылы тұтас бір қоғамның трагедиясын көрсетті. Толстой плагиатор, ұрлықшы деген сөздерге барса да Шекспир дүниежүзіндегі ең ұлы драматург. Кез келген театр өзінің шығармашылық биігін Шекспирмен өлшейді. Бір-бірін қамшыландыруға, жігерлендіруге арналған сын болатын болса, ол дұрыс. Адам бәріне тоқмейілсіп кетсе, Әуезов айтатын шала шекспирлер, толмаған толстойлар шығады», - дейді Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед. Мұхтар Абрарұлының айтуынша, «қазақ драматургтері шығармаларының өзге елдерде қойылуы - еліміздегі драматургияның өскендігінің белгісі. Бұрынғыдай Орталық комитет қаулысымен, қоңырауымен ештеңе қойылмайды осы заманда. Сондықтан оны бәсекеге қабілеттілік деп бағалауға болады».