Біз энергия үнемдеуші технологияларды енгізу белсенділігін арттырудың тетіктерін жасап жатырмыз - С. Мыңбаев

АНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Мұратбек Мақұлбеков/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» деп аталған Жолдауында дағдарыстан кейінгі дамудың жолдарын қазірден бастап анықтау қажеттілігі айтылады.

Біз энергия  үнемдеуші   технологияларды енгізу  белсенділігін арттырудың тетіктерін жасап жатырмыз - С. Мыңбаев

«Әлемдік дағдарысқа, бастан кешіп жатқан кезеңнің қиындықтарына қарамастан, біз олардың шешілуіне ғана күш салумен шектеле алмаймыз. Біздің болашағымыз экономиканың одан әрі жаңғыртылуы мен базалық инфрақұрылымның дамуына байланысты», - деген болатын Елбасы өз Жолдауында. Экономиканы модернизациялаудың, оның салаларының және елдің бәсекеге қабілеттігін арттырудың маңызды бағыттарының бірі энергия үнемдеу болып табылады. Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мыңбаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында энергия үнемдеу проблемаларын шешудегі жаңа әдістер туралы әңгімелеп берді.

- Сауат Мұхаметбайұлы, соңғы жылдары энергияны үнемдеуші технологияларды енгізу жолымен экономиканы модернизациялаудың қажеттілігі туралы көп айтылып келеді. Елбасы да осындай тапсырма берді, атап айтқанда 2008 жылғы халыққа Жолдауында Президент Үкіметке барлық күш-жігерін энергия үнемдеуші және экологиялық таза технологияларды енгізуге жұмылдыру туралы тапсырма берген-тін. Елбасының осы тапсырмасы қалай орындалып жатыр?

-Иә, энергия үнемдеуші технологияларды жасау және оларды экономика салаларына енгізу, шын мәнінде, көптеген елдердің индустриялық дамуының басты факторы болып табылады. Энергия үнемдеуші технологиялар, ең алдымен, нақты тауарлы өнімдердің энергия қамтымын төмендетуге, ал жалпы алғанда, ел бойында жалпы ішкі өнімнің энергия қамтымын төмендетуге, соның нәтижесінде біздің өнімдерінің бәсекеге қабілеттігін арттыруға негізделуі керек. Елбасы энергия үнемдеуші технологиялардың енгізілу белсенділігін арттыру, тауар өндірушілерді ресурстарды үнемдеуші технологияларға ауысуға ынталандыратын әкімшілік, құқықтық және экономикалық тетіктер жүйесін жасау үшін пәрменді тетік әзірлеу туралы тапсырма берген болатын. Және ондай тетік қазір жасалуда. Үкімет өнім бірлігінің энергия тұтыну нормативтерін әзірлеп, бекітті. Нормативтер - әрбір тауар өндіруші ұстануға міндетті деңгейді көрсетеді. Ол нормативтер өндірістегі, тұрғын үй-коммуналдық сектордағы ғылыми-техникалық прогрестер ескеріле отырып, тұрақты жаңартылып отыратын болады. Үкімет ағымдағы жылдың ақпан айында Энергия үнемдеудің кешенді жоспарының 2009-2010 жылдарға арналған 1-ші кезеңін бекітті. Онда энергия үнемдеу жөніндегі салалық және аймақтық жоспарлар мен іс-шараларды әзірлеу, энергияшығындардың статистикалық есептерінің әдістерін енгізу, кәсіпорындар мен ұйымдарға энергоаудит жүргізу мәселелері қарастырылып отыр. Энергия үнемдеу жөніндегі жұмыстарды әрі қарай жетілдіру үшін аймақтарда энергосервистік және консалтингілік компаниялар құру қажет.

- Энергия үнемдеуші технологияларды енгізу үшін бізде заңнамалық базалар әзірленді ме? 

- Энергия үнемдеу жөніндегі қабылданып жатқан шараларды заңнамалық бекіту мақсатында «Энергия үнемдеу туралы» Заңның жаңа редакциясы дайындалып жатыр. Біз сондай-ақ басқа да заңнамалық актілерге бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын әзірлеудеміз. Оған қоса, нысандардың, орын-жайлар мен құрылғылардың энерготиімділік коэффициенті деген ұғымы енгізілуде. Біз сонымен бірге Салық және Кеден кодекстеріне, «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметтері туралы», «Жеке кәсіпкерлік туралы», Лицензиялау туралы» Заңдарға толықтырулар дайындап отырмыз. Аталған барлық заңнамалық өзгертулер орталық деңгейде ғана емес, сондай-ақ аймақтарда, компанияларда, кәсіпорындар мен ұйымдарда энергия үнемдеу жөніндегі жұмыстарды жандандыруға бағытталған. 

- Дегенмен, тек заңнамалық талаптар жеткіліксіз болатын шығар? Энергия үнемдеу мәселелерін талқылау барысында біздің елімізде әбден тозығы жеткен жабдықтардың пайдаланылып отырғаны әрдайым айтылады. Бұл проблема қалай шешілмек? 

- Өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, көлік саласында, құрылыс индустриясы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында жабдықтарды жаңарту мен энергия үнемдеуші технологияларды енгізу - жеке тақырып. Ол үшін кәсіпорындар мен ұйымдарда әбден ескіріп, тозығы жеткен жабдықтарды кезең-кезеңмен ауыстыру жөніндегі бизнес-жоспарлар әзірлеп, оларды бекіту, барлық жерде энергия ресурстарының шығыстарын жеке есептеуді және энергия тұтынымын бақылау мен реттеудің автоматтандырылған жүйесін жолға қою керек. 

- Энергия тұтынысын төмендету үшін тағы қандай шаралар қабылданады?

- Электр энергиясын оңтайлы пайдаланудың тағы бір пәрменді түрткісі - көп ставкалы және сатылы тарифтік түзілімді енгізу деп санаймыз. Астана және Алматы қалаларында, тұрғын үй-коммуналдық секторда «күн-түн» принципі бойынша энергия тұтынымын бөлек есептеуге кірісті. Бұл жаңалықтың өндіріс саласында да айтулы экономикалық нәтиже беретіні анық. Ол үшін технологиялық режимдерді қайта қарау және реттеу, «жұмыс қызу сағаттарда» электр желілеріне түсетін салмақтарды қысқарту керек. Аталған шаралардың барлығын жүзеге асырудың арқасында өндірістердің энергия қамтымын төмендетуге, электр және жылу энергияларының тұрмыстық шығындарын азайтуға болады.

- Әңгімеңізге рахмет.