Біз халқымыздың, еліміздің болашағын ойлаймыз - О.Сүлейменов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Біз халқымыздың, еліміздің болашағын ойлаймыз. Бұл пікірді БАҚ өкілдеріне мемлекет және қоғам қайраткер, ақын Олжас Сүлейменов білдірді.

Біз халқымыздың, еліміздің болашағын ойлаймыз - О.Сүлейменов

«Жастар болашағын армандайды, болашағын ойлайды. Менен бірде: «Сіздің жасыңыздағы адамдар не жайында ойлайды?», деп сұраған болатын. Сол кездегі айтқан жауабымды тағы да бір мәрте қайталағым келеді. Біз өз халқымыздың болашағын, республикамыздың болашағын, одан кейін адамзаттың болашағын ойлаймыз. Міне, бұл біздің болашақ жайындағы пайымымыз», - деді ол өзінің 80 жылдық мерейтойына орай Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уинверситетінде өтіп жатқан «Әлем адамы» атты форум барысында.

Ол өміріндегі ең маңызды дүние өзінің кітаптары болып табылатындығын баса айтты. Сонымен қатар пешенесіне жазылған КСРО-ның Семей және Новоземельский ядролық сынақ полигондарын жабу ісіне атсалысуы да айтулы оқиға деп санайтындығын білдірді.

«Бұл іске қарсы тараптың ең ірі күштері қатысқан болатын. Қорғаныс министрі Язовпен, әскери-өнеркәсіп кешені адамдарымен КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты әрі ядросыз әлем парламенттік тобының жетекшісі ретінде сөйлесуге тура келді. Біздің тобымызда 500-дің 150 дауысы болды. Меніңше, сол кездегі Жоғарғы Кеңесте бұл барынша белсенді топ еді. Біз Жоғарғы Кеңестің 1989 жылдың қарашасында КСРО Үкіметінің тарабынан Семей полигонын жабу туралы мәселені қарастыруы туралы қаулының шығуына қол жеткіздік. Бұл 1989 жылдың 20 қарашасы еді. Бұл біз есте сақтауға тиісті маңызды дата», - деді О.Сүлейменов.