Біз халықтарымыздың арасындағы байланыстарды кеңейтуге бейілдіміз - АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керри
АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керри Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Президенті лауазымына сайлануына орай құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Дж.Керри Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан Республикасы Президенті лауазымындағы жаңа мерзімінің басталуына байланысты ең жақсы тілектерін білдірді.
«АҚШ Қазақстанның Үкіметімен және халқымен қауіпсіздік, бақуаттылық, адам құқығы саласында, сондай-ақ Қазақстанда және өңірде демократиялық, тәуелсіз институттарды, азаматтық қоғамды дамытудағы ортақ мақсаттар бойынша бірге жұмыс істеуден үміттенеді. Біз халықтарымыздың арасындағы байланыстарды кеңейтуге бейілдіміз. АҚШ Қазақстанмен өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті сақтаудағы стратегиялық серіктес ретінде, сондай-ақ Қазақстан көшбасшы болып табылатын ядролық таратпау саласында бірге жұмыс істеуге дайын. Біз бұдан әрі де Қазақстанның ел экономикасын әртараптандыру, өңірлік экономикалық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі ұмтылысына ықпал етуге дайынбыз», - делінген жеделхатта.