Біз халықтың әл-ауқаты бойынша ТМД елдерінен озып, халықаралық рейтингте 50-орынға ие болдық - Елбасы
АСТАНА. 25 мамыр. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ -Біз халықтың әл-ауқаты бойынша ТМД елдерінен озып, халықаралық рейтингте 50-орынға ие болдық.
Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайында ҚР Президенті - Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқасының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Осы жылдардың ішінде еліміз жаһандық ауқымдағы үш дағдарыстың толқынына төтеп беріп, жаңа дәуірге қадам басты. Біз дағдарыс тұсындағы дамудың даңғыл жолына түскен ел атандық»,-деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президентінің алға тартқан деректеріне сәйкес, 1994 жылы Ішкі жалпы өнім әр адамға шаққанда 70 доллардан болса, бүгінгі күні ол жанбасына 9 мың долларға жетіп, 12 есе өсті. Әлемдік тәжірибеде өз тәуелсіздігінің 20 жылдығында мұндай нәтижеге ешқандай ел қол жеткізіп көрген емес.
«Біз халықтың әл-ауқаты бойынша ТМД елдерінен озып, халықаралық рейтингте 50-орынға ие болдық. Қазір Қазақстан халықаралық резервтер деңгейі бойынша дүниедегі алғашқы 50 мемлекеттің қатарында. Ұлттық қорды қосқанда қазір біздің 73 млрд. доллар қаражатымыз бар»,-деді Елбасы.
Президент дағдарыс жылдарында әлемнің көптеген елдерінде жалақы, зейнетақы, шәкіртақылар қысқартылғанын айта келе: «Ал біз болсақ, керісінше бұл көрсеткіштерді жылдан жылға өсіріп отырмыз. Соңғы 10 жылда мұғалімдердің жалақысы - 5 есе, дәрігердің жалақысы - 7 есе, зейнетақының орташа мөлшері 6 есе өсті»,-деді.