Біз халықтың билікке деген сенімін қайтаруымыз керек - Қырғызстан Президенті Роза Отынбаева
КЕК. 24 қараша. ҚазАқпарат / Арнұр Рахымбекеов/ - Жақында Қырғызстан Республикасының Үкімет үйінде президент Роза Отынбаеваның республикалық мемлекеттік органдар жанындағы қоғамдық бақылаушылар кеңесінің мүшелерімен кездесуі болып өтті.
Кездесуге сондай-ақ Қырғызстан Республикасы президент әкімшілігінің жетекшісі Емілбек Қаптағаев, мемлекеттік органдар жетекшілері, халықаралық ұйым өкілдері қатысты.
Кездесуді ашқан мемлекет басшысы ағымдағы жылғы 29 қыркүйек күні қол қойылған жарлық мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-әрекет ету формасын тәжірибеге енгізіп, оны кеңейтуге бағытталғанын, сонымен қатар шешім қабылдау үдерістерінің ашықтығымен қамтамасыз ету, оларды қоғам мүддесін ескере отырып жүзеге асыруға бағытталғанын атап өтті.
«Қалыптасатын жаңа үкімет жемқорлыққа қарсы күреске, мемлекеттік органдар қызметінің шынайылылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуге, олардың халыққа көрсететін қызмет сапасының артуына бағытталған осы бастамаларды қолдап, оларды жүзеге асыруды жалғастырады деп сенемін. Үкіметтің келесі қадамы мемлекеттік органдар қызметінің нәтижесіне деген «халық сенімінің индексін» өлшеу әдісін жасау болуы керек», - деп атап өтті Р.Отынбаева.