Біз имандылық тұрғысынан рухани жаңғыруымыз қажет - профессор
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, заңгер Зайлағи Кенжалиевтің айтуынша, бүгінде Еуропаның алпауыт мемлекеттері христиан құндылықтары негізінде бірігу қажеттігін, тіпті демократияның қай дінге сүйену керектігін ашық айтып жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазір бүкіл әлемде рухани жаңғыру жүріп жатыр. «мультимәдениет», сосын «ұлттың өзін-өзі тануы» дейді. Соңғы кезде Еуропа бірлікті қалай сақтаймыз деп дал болып жатыр. Англия Еуропа одақтан шыққаннан кейін барлық басшылар жиналып, Рим Папасын шақырды. Сонда Рим Папасы: «Біз Еуропа бір құндылық - христиан мәдениеті негізінде ғана бірігеміз»,- деді. Олар мұны жасырған емес. Бұрыңғы «мультимәдениет» идеясы іске аспай қалғанын да мойындауда. Тағы бір мысал келтірейін, таяуда Венгрия демократия мәселесін көтергенде Германия канцлері Ангела Меркель мінбеге шығып, либералды демократияның тек христиандық үлгіде ғана бола алатынын ашық айтты. Сондықтан біз де имандылық тұрғысынан рухани жаңғыруымыз қажет деп білемін. Бүгінде менің пікіріммен келіспейтіндер бар шығар. Арамызда «біз зайырлы мемлекетпіз» дейтіндер көп. Осыдан он-он бес жыл бұрын қырылып, сол зайырлылықты таба алмадық қой. Зайырлылықты діннің сыртынан іздеп жүрміз. Сөйтсек зайырлылық діннің ішінде екен. Оны Меркельдің өзі айтып отыр», - дейді З. Кенжалиев.
Осы орайда ғалым Түркия, Индонезия, Мысыр сияқты мемлекеттерді мысал ретінде келтірді. «Өзіміздің қай мемлекет екендігімізді түсініп алғанда ғана қай бағытта даму қажеттігін анықтай аламыз. Әсіресе, рухани жаңғыру кезінде ол бағытты анықтап алған аса маңызды»,- деп атап көрсетті ғалым.
Айта кетейік, бүгін ҚР Жоғарғы сотында «Рухани жаңғыру - мәңгілік ел болудың кепілі» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті. Алқалы жиынға тарихшылар, тіл мамандары, әдебиетшілер мен судьялар қатысып, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына, сондай-ақ «Туған жер», «Қазақ тіліндегі 100 оқулық», «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» сияқты жобаларға қатысты өз ойларын ортаға салды. Сол жерде Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов оқулықтарды аударуға қатысты өз ұсынысын ортаға салып, алдағы уақытта «Балалар әлемі» мемлекеттік порталының ашылатындығын жеткізді . Ал профессор Дихан Қамзабекұлы қазіргі жаңғыру Алаш зиялыларының жүріп өткен жолы екенін тағы бір мәрте еске салып , қазіргі сапасыз оқулықтардың басты себебін атады .