Біз ИЫҰ-ға мүше елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жүйе құруымыз қажет - А.Мамытбеков
АСТАНА. ҚазАқпарат - Біз Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жүйе құруымыз қажет. Бұл туралы бүгін Азық-түлік қауіпсіздігі және ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі Ислам ынтымақтастығы ұйымы министрлері конференциясының 7-ші сессиясында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.
«Бүгінгі күні азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі мынадай себептерге байланысты аса өзекті болып отыр: халық санының өсетіндігі болжанған, ал бұл әлемде азық-түлік тапшылығының айтарлықтай өсуіне келеді. Әлемде халық санының өсуі жөніндегі болжамды ескере отырып, 2050 жылға қарай азық-түлікті қазіргі деңгейден 60-70 пайызға, ал дамушы елдерде қазіргі көлемнен екі есеге артық өндіру қажет болады», - деді министр.
Бұл ретте А.Мамытбеков халық өсімінің ең жоғары үлесі дамушы елдерге, оның ішінде Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдерге тиесілі болатындығын атап өтіп, ауыл шаруашылығы өндірісі көлемін ұлғайту үшін тиісті резервтердің жоқтығына тоқталды.
«Сарапшылардың бағалауы бойынша егістікке жарамды жерлердің қолжетімді қорын адамзат әлдеқашан пайдаланып тауысқан. Осыған байланысты, біз Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жүйе құруымыз қажет. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымын құру - осы мәселедегі болашақ кооперацияның іргетасы. Бұл біздің Президентіміздің бастамасы және оның мақсаты Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдерді азық-түлікпен қамтамасыз ету жөніндегі көптеген мәселелерді шешу болып отыр», - деді ол.