Біз қазақ тілінің әлемдік тіл деңгейіне көтерілуіне өз күшімізді салуға дайынбыз - Мехмет Месут Ата

«Біріншіден, мен қазақ-түрік мектептерін басқаратын адам ретінде осы медальды алғаныма өте қуаныштымын. Бұл - мен үшін үлкен бақыт, себебі бауырлас қазақ жеріне жасап жатқан жұмыстарымызды бағалап, осындай сыйлық тапсыруының орны бөлек», - деді ол.
Мехмет Месут Атаның айтуынша, мәдениеттің тірегі - тіл. Кез келген халықтың мәдениетінің күштілігі олардың тіл байлығына байланысты. Тіл өткен мен осы уақытты болашақпен байланыстыратын көпір қызметін атқарады.
«Біз бауырлас еліміз Қазақстанда қазақ тілінің дамуы және оның қолданылу аясының кеңеюі жолында қазақ-түрік лицейлерінде басты үш мақсатты ұстанамыз. Осы үш мақсат арқылы «Жарқын болашақ» атты олимпиада өткізіп келеміз. Бірінші мақсатымыз - қазақ тілін өте кең ауқымда таныту, екінші - қазақ тілі және әдебиетін, мәдениетін таныту және қолдану аясын алдыңғы орынға шығару, үшіншісі - басқа ұлт өкілдерінің қазақ тіліне қызығушылығын арттыру», - деп атап өтті Мехмет Месут Ата.
Оның айтуынша, қазақ-түрік лицейлері қазақ тілін үйрену үшін Қазақстан бойынша жыл сайын олимпиада өткізіп тұрады. 5 кезең бойынша өтетін олимпиадаға қазақтар да, басқа ұлт өкілдері де қатыса алады.
Өзі басқарып отырған оқу орындарының мемлекеттік тілді дамытудағы осындай жұмыстарын атай келіп, Мехмет Месут мырза: «Біз Елбасы Назарбаевтың тіл туралы саясатын қолдап, қазақ тілінің әлемдік тіл деңгейіне көтерілуіне өз күшімізді салуға дайынбыз», - деген ойын жеткізді.