Біз Қазақстандағы адам құқығы жағдайын талқылаудан қорықпаймыз - М. Жарбосынова

АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Біз Қазақстандағы адам құқығы жағдайын талқылаудан қорықпаймыз, деді бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Мәдина Жарбосынова елордадағы «Шабыт» шығармашылық үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Біз Қазақстандағы адам құқығы жағдайын талқылаудан қорықпаймыз - М. Жарбосынова

«Оған еліміздегі кең ауқымды пікірталас алаңы дәлел бола алады. Сонымен қатар Қазақстаннан тысқары жерде өтетін іс-шараларға да біздің үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері еркін қатысады. Яғни біз олардың қатысуына тосқауыл болып отырған жоқпыз», - деп атап өтті Елші.

Айта кетейік, бүгін Астанадағы ЕҚЫҰ-ның Азаматтық қоғам конференциясына қатысқан М.Жарбосынова азаматтық қоғамның рөлі еліміздің дамуында, сондай-ақ жалпы халықаралық қоғамдастықтың ілгерілеуінде өте маңызды екенін айта келе: «Азаматтық институттардың бастамаларының тұрақты дамуға ықпалы зор және олардың іс-қимылы экономикалық және саяси құқықтардың дамуына, адамдардың бостандығына бағытталған»,-деген болатын.