Біз қазақстандық қоғамда үзіліссіз білім алу культын құруымыз қажет - Елбасы
АСТАНА. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат - Үкімет компаниялардың өз қызметкерлерін оқытуға ынталандыру мәселесін зерделеуі керек. Біз қазақстандық қоғамда үзіліссіз білім алу культын қалыптастырумыз қажет, деп атап көрсетті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін «Назарбаев Университетінде» оқыған дәрісінде.
«Постиндустриялық үштік - білім, ғылым және инновация - бұл еліміз орнықты, тұрақты дамудың жаңа деңгейіне өтетін көпір», деді Президент өз сөзінде.
«Біз білім беру саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын қабылдаймыз... Әрбір қазақстандықтың кез-келген жаста білім алуына, кәсіби дайындықтан өтуіне, біліктілігін жетілдіруге немесе жаңа мамандықты игеруіне жағдай жасалуы керек... Сарапшылардың айтуынша, американдық компанияларда қызметкерлерді оқытуға салынған әрбір 35 мың доллар сома 1 миллион доллар кіріс әкеледі екен. Мен мұны өзіміздің компанияларға, іскер азаматтарға айтып отырмын. АҚШ-та компаниялар өз қызметкерлерін оқытуға жыл сайын 50 миллиард, Францияда - 30 миллиард, Ұлыбританияда - 40 миллиард доллар жұмсайды. Олардың бұдан қандай табыс көретінін есептеп шығу қиын емес.
Американдық жетекші фирмалар өз қызметкерлерінің үштен бір бөлігінен бастап 90 пайызға жуығын өз есебінен оқытады. Қазақстандық ең болмағанда бір компания осындай көрсеткішпен мақтана ала ма? Оған күмәнім бар», дейді Елбасы.
«Сондықтан да барша жұртшылыққа айтарым, бізде де осындай болуы үшін Үкімет осы мәселені өз қолына алуы керек. Компанияларды осындай жұмысқа міндеттейтін және ынталандыратын осындай шешімді мемлекеттік деңгейде қабылдау керек деп санаймын», деді Президент.
«Үкімет осы мәселені егжей-тегжей зерделеуі керек... Біз қазақстандық қоғамда үзіліссіз білім алу культын құруымыз қажет. Өмірдің заңы солай», - деді Елбасы.