13:51, 03 Шілде 2009 | GMT +5
Біз Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіне толық қолдау көрсетеміз - ЕҚЫҰ Бас хатшысы
АСТАНА. Шілденің 3-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Сыртқы істер министрі Марат Тәжин Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбомен кездесті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бас хатшының айтуынша, жүздесу барысында тараптар Қазақстанның алдағы жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі және аталмыш ұйымның алдында тұрған мәселелерді талқылаған. «Төрағалық ету мәселесінде біз Қазақстанға толық қолдау көрсетеміз. Бүгінгі таңда Қазақстанның жан-жақты әрі тыңғылықты дайындалып жатқандығын көріп те отырмыз. Біз сонымен қатар, Қазақстандағы құқық мәселелерін нығайту, елдегі азаматтық қоғамды дамыту, сондай-ақ сайлау мен демократиялық құндылықтарды жетілдіру шараларын сөз еттік. Бұған қоса жүздесуде Ауғанстан мен оның шекарасын бекітуге қатысты жұмыстардың жайы сөз болды», - деді мәртебелі мейман.