Біз қазіргі таңда өнер мекемелері үшін барлық қажетті мамандықтар бойынша мамандар дайындап шығаруға тырысудамыз - ҚазҰӨУ ректоры Айман Мұсақожаева

АСТАНА. 31 мамыр. ҚазАқпарат - Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері Президент Нұрсұлтан Назарбаев мәдениет пен өнердікң дамуы үшін барлық жағдайды жасап келеді. Осы мақсатта Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылған ең ірі жобалардың бірі - елорданы Астанаға көшіре салысымен Қазақ ұлттық музыка академиясының құрылуы болды. Және көп ұзамай осы академия базасында Қазақ ұлттық өнер университеті құрылды.
None
None

ҚазҰӨУ-дің қазіргі жұмысы, келешектегі жоспарлары туралы ҚазАқпаратқа аталған оқу орнының ректоры, Қазақстанның халық әртісі, Әлем Әртісі, дүниежүзіне танымал «скрипка патшайымы» Айман Мұсақожаева әңгімелеп берді.

- Айман Қожабекқызы, өзіңіз басқарып отырған Қазақ ұлттық өнер университеті биыл 15 жылдығын атап өтпек. Осы мерейтойын өнер ордасы қандай жетістіктермен қарсы алғалы отыр?

- 1998 жылы Мемлекет басшысының қолдауымен Қазақ ұлттық музыка академиясы құрылған болатын. Дәл осы жыл біздің құрылған жылымыз болып есептеледі. ал 2009 жылы академиямыз жаңа деңгейге көтеріліп, Қазақ ұлттық өнер университеті деп атала бастады.

Әрине, жаңа әрі жоғары дәрежемізге орай біз университетте оқытылатын мамандықтар тізімін де көбейте түстік. Соңғы 3 жыл ішінде кино және телевизия, балет, хореография, бейнелеу өнерінің түрлері - суретшілер, мүсіншілер, дизайн, эстрадалық және театрлық өнер сияқты мамандықтар ашылды. Музыка академиясы аталған кезімізде тек «орындаушылық өнер», яғни вокал, халықтық аспаптар, классикалық, үрлемелі, хормен ән айту сияқты мамандықтар бойынша ғана мамандар дайындау жүргізілген. Ал қазір 21 мамандық бойынша білім беріледі. Бұл бізге өз күшімізбен жаңа өнімдер шығаруға мүмкіндік береді. Мәселен, университеттің 15 жылдығына арналған концертке біз студенттердің күшімен Бородиннің «Игорь князь» операсынан «Қыпшақтар биін» дайындадық. Оған оркестр, хор, хореография мен солистер жұмылдырылды. Сонымен қатар, кино және телевизия студенттері анимациялық фильм жасап шығарды. Қойылымға режиссерлер мен әртістер де атсалысты. Яғни біз бұл шараға университетіміздің барлық мамандықтарын қатыстырдық. Сондай-ақ, біз Қазақстанда тұңғыш рет студенттердің күшімен Карл Орфаның «Кармин Буран» хорлық қойылымын сахналадық. Бұл концертке халық музыкасы факультетінің студенттері, Еуразиялық студенттік оркестр, жас әншіміз, Париж бен Римде өткен жарыстардың гран-при иегері - Абдрахмет Оразбеков, Музыка академиясы құрылғаннан бері Астананың беткеұстар ұжымы болып келе жатқан скрипкашылар ансамблі және басқа да жалпы саны 500-ге жуық өнерпаздар қатысты.

Қазір академияның жұмысын қалай бастағынымызды еске алып отырмын. Біз сол кезде Алматы мен еліміздің барлық облыстарынан белгілі музыка майталмандарын академия студенттеріне сабақ беруге шақырдық. Олардың ішінде Мәскеуде, Санкт-Петерборда консерваторияларды бітірген Нұрлан Измайлов, Алтай Құсаинов, Алма Батова, Дина Мәмбетова, Светлана Әбдісадықова, Қайролла Жұмекенов және басқалар болды.

Енді бүгінгі күнге келер болсақ, біздің университеттің алдында көптеген биік мақсаттар тұр. ЖОО Астанада орналасқан, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен құрылған және сол кісінің қамқорлығымен Астана мен жалпылай республиканың өнер ордаларын білікті мамандармен қамтамасыз ету үшін жұмыс істейді. Артта қалған жылдар жеміссіз болған жоқ, опера театрын, филармонияны қалыптастырып, қазақ және орыс драма театрларын нығайттық. Осы аталған ұйымдар, сонымен қатар, Астанадағы барлық оркестрлер, Қорғаныс министрлігінің оркестрі, Президенттік оркестр, бәрі-бәрі біздің оқу ордамыздан түлеп ұшқан мамандармен толығып отырады.

Менің ойымша, 15 жылдығымызды талапқа сай қарсы алып жатырмыз. Алайда енді алдымызда жаңа асулар пайда болды. Мәселен, «Қазмедиа орталығының» ашылуымен, оператор, режиссер сияқты кино және телевизия саласы мамандарының жетіспеушілігі анық байқалды. Сонымен қатар, жаңа өнер мекемелері де ашылып жатыр, сондықтан біздің білім ордамызға деген сұраныс көбеюде. Сондықтан біз бүгінде сұранысқа ие барлық мамандықтар бойынша мамандар дайындауға тырысудамыз. Мысал үшін, қазір арт-менеджмент маманы үлкен сұранысқа ие. Біздің университетте осы мамандықтың студенттері экономика мен құқықты, әкімшілендіруді оқып үйренеді. Бұдан бөлек, бізге облыс орталықтарынан вокал, музыка, балет мамандарына деген сұраныс көптеп түсуде. Бұрын мектептерде хор үйірмесі ғана болатын, ал қазір ата-аналар балаларын вокалға, түрлі аспаптарда ойнауға, балетке үйреткілері келеді. сондықтан біз «музыка-ән айту» факультетін аштық. Онда мектептер мен мектепке дейінгі білім мекемелеріне арнап педагог мамандар дайындаймыз. Барлық облыс орталықтарында көркемдік жетекшілер, яғни хормейстерлер, балет тобының, халық аспаптары оркестрінің, симфониялық оркестрлердің жетекшілері ауадай қажет. Міне, осындай қажеттіліктер үшін біз «орындаушылық өнер» және арт-менеджмент мамандықтары бойынша кадрлар дайындаймыз.

- Қазір Батыстағы сияқты бізде де түрлі шоулар көбейіп келеді. Сіздерде соларға байланысты мамандар дайындай ма?

­- Әрине, уақыт талабы сондай. Шоу-бизнес қарқынды дамып келеді, сондықтан оған да түрлі концерттер мен мерекелік шоулар ұйымдастыру үшін мамандар қажет. Қазір біз режиссерлерді кино мен телевизия, театр үшін бір бөлек дайындасақ, сондай-ақ шоу-бағдарламалар үшін бір бөлек дайындаймыз.

- ҚазҰӨУ басқа шетелдік ЖОО-лармен жұмыс істей ме?

- Иә, бір орында тұрып қалмай, заман ағынымен қатар жүзу үшін біз әлемдегі ең беделді, мәселен Мәскеу мен Санкт-Петербор кансерваторияларымен, Беларусь және Киев музыка академияларымен, Вена музыка академиясымен, Лондонның Патшалық музыка академиясымен, Римнің Санта-Чечилия академиясымен, Милан, Кёльн консерваторияларымен және басқа да көптеген ЖОО-лармен келісімшартарға отырып, меморандумдар жасасқанбыз. Академиялық мобильділік шеңберінде біз студенттерімізді аталған оқу ордаларының біріне бір семестрге жіберіп отырамыз. Мәселен, өткен жылы 16 студентіміз Италияның Матера қаласындағы консерваторияда оқып келді. Биыл бірқатар студенттерді Ла-Скала балет академиясына, сондай-ақ, Римдегі Феллини киностудиясына жіберуді жоспарла отырмыз.

- Университеттің Астана мен Алматы қалаларындағы есеп беру концерті үлкен жетістікпен өткенін білеміз. Ал Италия қалалары бойынша турне қалай өтті?

- Біз Флоренция, Турин, Милан және Рим қалаларында концерттер бердік. 10 күндік сапарымыз өте сәтті болды, көптеген алғыстар алдық. Осы турдан кейін жазда Робео мен Мальфи қалаларында өтуі тиіс фестивальдерге шақырту алдық.

Италиялық тыңдарман қауымға біздің өнерпаздар орындаған классикалық музыка да, қазақ халық музыкасы да қатты ұнады. Біздің халқымыздың музыкасы тіптен ерекше әсер етті десе де болады, өйткені олар бұрын-соңды естіп көрген емес қой. Біздің құрамымызда Қайрат Байбосынов, көмей әнші Еділ Құсайынов, Тұрар Әліпбаев, «Серпер» домбырашылар ансамблі болды. Мен өзім де студенттермен бірге Чайковскийдің скрипкаға арналған коцертін орындадым. Сондай-ақ, итальяндықтарға Мұқан Төлебаевтың қазақ билері қатты ұнады. Тағы бір айта кетерлігі, біздің турнеміз «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының демеушілігінің арқасында табысты болды. Қордың басшылығына алғысымыз шексіз, өйткені демеушісіз 270 адамды алыс шетелге алып шығудың өзі оңай болмас еді.

- Алда келе жатқан «Астана күніне» қандай жоспарларыңыз бар?

- Университет қабырғасындағы «Айгөлек» ұжымы мен «Самғау» қоры жалпы концерттерге қатысады. Сондай-ақ, шетелдік әртістермен және Мемлекеттік камералық оркестрмен бірге Дариға Назарбаеваның «Дегдар» қоры ұйымдастыратын «Астана кештері» фестиваліне қатысамыз. Жалпы айтқанда, мерекелік шараларға біздің әртістеріміздің барлығы қатысады.

Нақтылай кетсек, біз есептік концертімізде көрсеткен нөмірлердің кейбірін, мәселен «Кармин Буран» мен «Қыпшақтар биін» қоймақпыз. Қайрат Байбосынов еліміздің түкпір-түкпіріндегі шәкірттерін жинап, «Ән шашу» бағдарламасын ұсынбақ, ал Абдрахмет Оразбеков симфониялық оркестрмен бірге фортепьяно үшін жазылған Григ концертін қояды.

Жалпы, біздің биылғы жоспарымыз тым ауқымды. Маусымның бас кезінде біз Еуроодақ төрағасының келуіне орай концерт қоямыз. Сонымен қатар, Астана әкімдігінің қолдауымен біздің университет қабырғасында бірқатар халықаралық фестивальдер өткізуді жоспарлаудамыз. Атап айтар болсақ, олардың қатарына «Астана мерей» мен «Шабыт» фестивальдері кіреді.

Сондай-ақ, бізге қыркүйек-қазан айларында Лос-Анджелесте өтетін Сергей Рахманинов атындағы фестивальге шақыру келіп түсті. Сондықтан, біз тағы да «Самұрық-Қазына» Қоры осынау жоғары деңгейлі фестивальге барып, өнерімізді паш етіп қайтуға қолын ұшын береді деген үміттеміз. Сонымен қатар, Лас-Вегас, Сан-Франциско, Нью-Йорк қалаларында есептік концерттерімізді қойсақ деген жоспарымыз бар.

- Әңгімеңізге рахмет. Сізге және шәкірттеріңізге жаңа шығармашылық табыстар тілейміз.

Соңғы жаңалықтар