13:59, 15 Қаңтар 2009 | GMT +5
Біз кез келген жағдайда жұмыспен қамту басымдығын сақтаймыз ? ҚР Көлік және коммуникация министрі
АСТАНА. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Біз кез келген жағдайда еліміздің көлік саласындағы жұмыспен қамту басымдығын сақтаймыз. Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрінің қатысуымен өткен ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің алқа мәжілісінде аталмыш ведомствоның басшысы Серік Ахметов мәлім етті,
![None None](/static/img/plug.webp)
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, бүгінде 875 млрд.теңге көлеміндегі бюджеттен тыс инвестицияларды тарту жоспарына сәйкес отандық көлік саласында кемінде 30 мың жұмыс орнын сақтап қалуға және 15 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. «Бүгінде жол құрылысы жобаларына салынған 1 млрд. теңге инвестиция 150 жаңа жұмыс орнын ашады. Бұл ретте көлік саласында ашылған 1 жұмыс орнының іргелес салаларда қосымша 6 жұмыс орнын ашуға өз септігін тигізетіндігін айта кеткен жөн», - деді С.Ахметов.
Сондай-ақ министрдің сөзіне қарағанда, әлемнің бес ірі банкі қаржыландыратын «Батыс Еуропа ? Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізінің учаскелерін салу жұмысына 35 мыңға дейін адам тартылатын болады. Ал 2012 жылға дейін машина жасау жобалары бойынша жаңа жұмыс орындарының жалпы саны шамамен 3 300-ге дейін жетпек.