Біз көршілерді ауыстыра алмаймыз – Президент Қытаймен ынтымақтастық туралы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Хабар» және «Хабар 24» телеарналарына берген сұхбатында Қазақстан мен Қытайдың ынтымақтастығы жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Біз көршілерді ауыстыра алмаймыз – Президент Қытаймен ынтымақтастық туралы

«Қытайға келетін болсақ, бұл біздің ең жақын көршіміз, Құдай қосқан көрші деуге болады. Біз көршілерімізді ауыстыра алмаймыз. Екіншіден, Қытай өзінің экономикалық дамуында табыстарға жетті. Олармен ынтымақтасуымыз керек. Біздегі ауылшаруашылық тауарын өндірушілер Қытай нарығына үлкен үміт артады. Қытайға қарсы наразылықтарды ұйымдастыратын адамдар біздің экономикалық жағдайымызды аса түсінбеуі мүмкін. Бәлкім оларға ақша да төленетін шығар. Қалай болғанда да, Қытай бізге еш жамандық жасаған жоқ», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, өткен жылдың 11 айында екі мемлекет арасындағы сауда көлемі 17 млрд долларға жеткен.

«Біз одан әрі де дамуға мүдделіміз. Бізге Қытайды зерттеу керек, қытай тілін үйрену керек. Әрине, қос қолымызды көтеріп, берілу керек деп жатқан жоқпын, оның үлкен ел екенін түсініп, ынтымақтастық орнатуымыз керек», - деді Мемлекет басшысы.