Біз – күн перзентіміз: Ақтауда ІІІ халықаралық балалар байқауы басталды
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауда «Біз – күн перзентіміз» атты ІІІ халықаралық балалар шығармашылығына арналған фестиваль-байқау басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз – күн перзентіміз» ІІІ халықаралық байқауына Болгария, Өзбекстан, Армения, Қырғызстан және Қытай елінен келген 220 өнерпаз қатысады. Ал «Халықтық орындау» номинациясында өнер көрсету үшін еліміздің түкпір-түкпірінен 20-дан астам өнерпаз келді.
«6 жасымнан бастап домбыра тартып, әртүрлі республикалық және халықаралық байқауларға қатысып жүрмін. Бұл фестивальға 3 ай дайындалдым. Жүлделі орын алатыныма сенімдімін», - деді қызылордалық өнерпаз Шыңғыс Алтайұлы.

«Халықтық орындау» номинациясы бойынша қатысушылардың әрқайсысы екі туынды орындау қажет.
Қазылар алқасы әр номинация және жас санаты бойынша өнерпазды 10 балдық жүйе бойынша бағалайды.

«Бұл халықаралық фестиваль өңірімізде үшінші рет өткізіліп жатыр. Бірінші фестивальдің ашылуы 2007 жылы тамызда айында өткізілсе, екіншісі 2010 жылы ұйымдастырылған. Байқаудың басты мақсаты - балалардың өнерге деген қызығушылығын арттыру, өнерпаздар арасындағы достықты нығайту», - деді Ақтау қалалық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Амантай Кумбаев.
