Біз Орталық Азияда болып жатқан экономикалық, саяси, әлеуметтік жағдайларды білгеніміз жөн - саясаттанушы Е. Қарин
АЛМАТЫ. 23 қараша. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/- Соңғы жылдары біз жапонтанушылар, парсытанушылар, шығыстанушылар және ағылшын, француз тіліндегі мамандарды халықаралық саясат мәселелері бойынша дайындап жатырмыз.
Ал Орталық Азия елдеріне қызығушылық танытатын мамандар шын мәнісінде жоқтың қасы, мәселен өзбектанушылар, қырғызтанушылар жоқ. Бұл жайында саясаттанушы Ерлан Қарин Алматыда өтіп жатқан І орталықазиялық Конвент барысында айтты.
Оның айтуынша, біз Орталық Азияда орналасқандықтан, осы аймақта болып жатқан экономикалық, саяси, әлеуметтік жағдайларды білгеніміз жөн. "Сондықтан, еліміз осы аймақта жылдан-жылға жоғары рөл атқаруға ұмтылуда, соған орай оның әлеуеті, ішкі сарапшы деңгейі де сәйкес болу керек. Біз Ресей Мемлекеттік Думасы лидерлерінің аты-жөніне дейін жатқа білгенмен, Қырғызстанның Жогоргу Кенешіндегі 5 партияның фракция жетекшілерін біле бермейміз", - дейді Е.Қарин.
Сонымен қатар, ол Орталық Азия Одағының құрылуына басты кедергі болып жатқан саяси жүйелердің әртүрлілігіне тоқталып өтті. "20 жыл бұрын 5 республика бір уақытта тәуелсіздік алып, дербес мемлекет болса да олар түрлі саяси, экономикалық жүйені қалыптастырды. Сондықтан Орталық Азия Одағының құрылуына басты кедергілердің бірі - бұл әртүрлі саяси қарама-қайшылықтардың болуы. Мысалы, Тәжікстан мен Өзбекстан арасындағы су электр стансысы бойынша дау немесе шекара даулары бар. Сондықтан ең бірінші кедергі болып жатқан саяси қарама-қайшылықтар дер едім", -дейді саясаттанушы.
Ерлан Қарин сондай-ақ Ораталық Азия Одағының құрылуы күмәнді екендігін, дегенмен оны құру жөнінде жұмыс жасауымыз керектігін айтып өтті. "Егер аймақ ретінде тұтастана алсақ, ғаламдық үрдісте белгілі бір орынға ие боламыз. Қазақстанның 16 млн. халқы бар, бұл өндіріске аздық етеді. Егер Орталық Азия мемлекеттері бірігіп жатса 65 миллионға жуық адамды құрайтын кеңістік болады ", -дейді Е.Қарин.