Біз отаншыл болуға, жас ұрпақтың санасына отаншылдық ұғымын берік орнықтыруға тиіспіз - Елбасы

АСТАНА. Қазанның 20-сы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Біз отаншыл болуға, жас ұрпақтың санасына отаншылдық ұғымын берік орнықтыруға тиіспіз. Бұл пікірді ҚР Президенті Н.Назарбаев бүгін Астанада өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының ХҮІ сессиясында білдірді.

Біз отаншыл болуға, жас ұрпақтың санасына отаншылдық ұғымын берік орнықтыруға тиіспіз - Елбасы

«Біздің баршамыздың Отанымыз бір. Ол - тәуелсіз Қазақстан! Ол біздің ең қымбат, ең асыл құндылығымыз! Отаны жоқ адам - тамырсыз, тұрлаусыз қаңбақ сияқты. «Отан - оттан ыстық» деген, туған жердің топырағы да, тауы мен даласы да қымбат. Отанның аптап ыстығы мен аязды суығы да жанға жайлы. Оның көнеден жеткен терең тарихы мен абыз тілі түсінген жанға сырлы шежіре шертеді. Отанды қастерлеу - елдігіміздің тірегі. Біз отаншыл болуға, жас ұрпақтың санасына отаншылдық ұғымын берік орнықтыруға тиіспіз. Біле-білсек, Отанды сүю - біздің перзенттік парызымыз, қарыс қадам үшін жанын қиған бабалардың асыл аманатына адалдығымыз!», - деді Елбасы.

Сонымен қатар алдымызда әлі талай асқар таулардың, алмағайып заманына сай құбылып тұрған ғаламның бар екендігіне әрі оның бәріне төтеп беріп, ортақ Отанымызды көзіміздің қарашығындай сақтауға тиістігімізді баса айтқан Н.Назарбаев «Ол үшін бізге ең әуелі ынтымақ пен береке-бірлік керек. Ендеше, тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз аман, мәңгі, береке-бірлігіміз баянды болсын, ағайын!», деп түйіндеді сөзін.