«Біз Тәуелсіз елдің негізін қаладық, іргетасын бекіттік» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 15 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 15 желтоқсан, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Үкімет үйінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен Қазақстан Үкіметі мен Karachaganak Petroleum Operating консорциумы арасындағы проблемалық мәселелерді үйлестіру туралы келісімге қол қою рәсімі өтті. Келісім-шарт бойынша Қазақстанның Қарашығанақ жобасындағы үлесі 10 пайызды құрайтын болды. Қол қою рәсімінен соң журналистерге арнайы баспасөз мәслихатын өткізген Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев: «Егер Қазақстан Республикасы мүддесі тұрғысынан алатын болсақ, 5 пайыз үлесті мемлекеттік органдардың наразылығын реттеуге алмастыратын болдық. Қалған 5 пайызын рыноктық бағамен еш салықсыз 1 млрд. долларға сатып алатын боламыз. Нәтижесінде, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ 10 пайыздық үлеспен жобаның қатысушысына айналып отыр», - деген. Мақала «Қазақстан 10 пайыз үлес алды» деген тақырыппен берілген.
«Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен еліміздің қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында өзіне тапсырылған міндетті адал атқарып, бейбіт адамдардың өмірін қиған аса қауіпті лаңкес-қылмыскерді құрықтау кезінде ерлікпен қаза тапқан облыстық ІІД Жол полициясы жеке батальонының 1-ші взвод командирі, полиция капитаны Ғазиз Әбдібекұлы Байтасовқа «Халық Қаһарманы» атағы берілді», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында жарық көрген «Ерлік ел есінде қалады» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, өзін «жихадтың» жолын ұстаушымын деп санайтын қылмыскер айдың-күннің аманында Тараз қаласында еш жазығы жоқ 7 адамның, оның ішінде ішкі істер органдарының 3 полицейі мен ҰҚК-нің 2 қызметкерін мерт қылып және 3 қоғам сақшысының денесіне жарақат салып, өміріне қауіп төндірді. Осы тұла бойды түршіктірер оқиға кезінде тараздық бейбіт тұрғындардың өмірін сақтау үшін қарақшы атқан оқ кеудесін тесіп өткеніне қарамастан, жарылыс жасаған «жихадшыны» денесімен жапқан жол полициясының капитаны Ғазиз Байтасов ерлікпен қаза тапты.
***
Тарихи деректер қазақ қазақ болғалы Тәуелсіздік жолында 300-ден астам ірілі-ұсақты көтеріліс болғанын айтады. Бұл - Тәуелсіздік жолында қан аз төгілмегенінің айғағы. Өйткені тәуелділік, бұғау бар жерде күрес ешқашан тоқтамайды. Желтоқсан көтерілісі - сан ғасырлар бойы ата-бабамыз армандаған азаттық жолындағы күрестердің заңды жалғасы, Тәуелсіздік жолындағы төгілген соңғы қан. Бұл жайында, нақты айтқанда Желтоқсан көтерілісі жайында «Айқын» газетінің бейсенбілік санында берілген «Ғасырға бергісіз екі күн» деген мақалада егжей-тегжейлі баяндалған. «Бойында көшпенді елдің қызу қаны ойнаған, еркіндікті кие тұтқан қазақ деген өр халықтың, ер халықтың ұрпағы Желтоқсанда айдай әлемге шегіне берудің, бұға берудің, иіле берудің шегі жеткенін паш етті. Ең бастысы - Желтоқсан кеудесінде оты бар, намысы бар, жалыны бар жастардың үлкен тобы қалыптасқанының, ұшы қиырына көз жеткісіз алып даланың бір пұшпағының да кезінде жау қолында тулаққа айналып кетпей, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп тапсырған, толарсақтан саз кешкен әйгілі батыр бабаларының лайықты ізбасары барының айғағы еді», - деп жазады басылым.
***
Кеше Елбасы өзі айтқандай өзінің қанаттас серіктестерін, сондай-ақ Тәуелсіз еліміздің келешегі үшін тер төккен азаматтарды Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, Жарлығымен тағайындалған «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне - 20 жыл» медалімен және өзге де ордендермен марапаттады. Осыған орай «Алаш айнасы» газетінде «Біз Тәуелсіз елдің негізін қаладық, іргетасын бекіттік» деген тақырыппен мақала жарияланды. «Бұл медальдің орны айрықша» деп баға берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел егемендігін алған тұстан бастап өзімен үзеңгілес болып іргелі істер атқарып жүрген, сондай-ақ мемлекетті алға сүйреуде ұлы істерге мұрындық болып жүрген азаматтардың еңбектерін бағалап, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтен бастап, биліктің тұтқасын ұстаған біраз азаматтарға және еліміздің барлық облыс және қала әкімдеріне осы медальді табыс етті», - деп жазады басылым.
«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында академик, заң ғылымының докторы, профессор Сұлтан Сартаевпен арадағы сұхбат «Теориялық, тәжірибелік жағынан екінші Тәуелсіздікке қол жеткіздік, бұл - нағыз бостандықтың негізінде құрылған Тәуелсіздік» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ғалым: «Тәуелсіздікке бүкіл халық болып үлес қосты. Ал оның ішінен бес-алты адамды бөле-жара атап өтсем, шалағайлық болады, осы азаматтар ғана Тәуелсіздігімізге қол жеткізді десем, дұрыс болмайды. Тәуелсіздікке бастаған азаматтардың ішіндегі бірегейі - Н.Назарбаев», - дейді. Сұхбаттың толық нұсқасын оқығыңыз келсе, басылымның бүгінгі санын жіберіп алмаңыз.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-тың директорлар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Онда «Самұрық-Қазына» АҚ-тың 2011-2015 жылдарға арналған даму жоспары бекітілді. Жоспарда қызметтің шешуші көрсеткіштерінің стратегиялық өндірістік, қаржылық, әлеуметтік, индустриялық-инновациялық топтары көрініс тапқан. Сондай-ақ жоспарда 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына, индустрияландыру картасына және басқа да салалық бағдарламаларға енген стратегиялық инвестициялық жобалар қамтылған.