Біз тек бір мақсат үшін жұмыс істедік - шаңғы жарысындағы масс-старт жеңімпаздары
"Басты мақсатымыз алтын жеңіп алу болды. Оған жету үшін сайыстың басынан-ақ біз Сергей Черепанов екеуіміз бірге жұмыс істедік. Жапондық спортшы жарыс бойы алда келді, мәреге 3-4 шақырым қалғанда ғана, біз оны қуып жетіп, кейіннен озып кеттік. Жапондық артта қалғаннан соң, мен командалық әріптесіммен жарыса бастадым. Менің жолым болды", деп атап өтті алтын иегері А.Полторанин.
Қазақстандық шаңғышы Сергей Черепанов 30 шақырымдық классикалық жүрістегі масс-старт мәресіне өзінің отандасы Алексей Полтораниннен жарты секундқа кешігіп жетті. Осыған қарамастан, Черепанов еш өкінген жоқ: "Алексей Полторанин екеуіміз бір мақсатқа - алтын медаль жеңуге бірге ұмтылдық. Жаттығу кездерінде талай рет топтық жарыс элементтерін жасап, шынықтық. Сондықтан бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Жарыс өте қызықты өтіп, Азиаданы лайықты аяқтады. Бүгінгі көрсеткішімізге "бес" деген баға қоямын. Күміс алғаныма түк те ренжімеймін. Ең бастысы, алтын Қазақстанда қалады. Бізге ең маңызды эстафета мен масс-старт жарыстарын жеңу керек еді. Ауыр тисе де, біз алға қойған міндетті орындап шықтық. Жанкүйерлерге де мың алғыс! Қолдауға келген жандардың алдында бүгін жеңілуге қақымыз болмады", - деді ол.