Біз үшін Қазақстандағы айтулы спорттық мерекеге қатысу үлкен құрмет-Э. Нақыпбекова
Бұл туралы Ұлыбританиядан арнайы Алматыға келген пианинист Элеонора Нақыпбекова мен Лондонның Корольдық оркестрінің дирижеры Мариус Стравинский ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында айтты.
"Ақ Азиада - маңызды, ірі халықаралық оқиға. Азия ойындары аясында "Мәдени Азиада" жобасының өткізіліп жатқандығына қуаныштымыз. Спорт пен мәдениет - әлемдегі ең үздік елші болып табылады. Біз осы айтулы спорт мерекесіне қатысып жатқанымызға қуаныштымыз",- деді Элеонора Нақыпбекова.
Ал, Мариус Стравинский: "Мен әрқашан еліме қуанышпен келемін. Өйткені, Қазақстан - менің Отаным. Бұл спорттық шараға арнайы келіп, өз өнерімді қазақстандық спортшыларға арнаймын және барлығына қолдау білдіремін. Әсіресе, өзім тау шаңғысы мен хоккейді жақсы көргендіктен оларға жеңіс тілеймін", - деді.
Элеонора Нақыпбекова сонымен қатар, Лондондағы қазіргі қызметтерімен бөлісті. "Қазір мен концерттік жұмыстармен қатар, талантты жас балалармен айналысудамын. Қазір олардың екеуі стипендия алып, Итондағы жеке мектептің оқушылары атанғандығына қуаныштымын. Мен қазір сол мектепте аптасына бір рет дәріс беремін. Алдағы уақытта өз мектебімді, музыка академиясын ашуды жоспарлап отырмын",-деді ол.
2010 жылы желтоқсан айында Лондонда Элеонора Нақыпбекованың ұйымдастыруымен еліміз Тәуелсіздігінің 19 жылдығына арналған VII Kazakh-Gala концерті өткен болатын. Осыған байланысты ол биыл да концерт өтетінін айтты. "Біз қазірдің өзінде концертке дайындықты бастап кеттік. Ол концерт Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналатын болады", - деді Э. Нақыпбекова.