Біз үшін түркітілдес елдермен байланыс орнату аса маңызды - А.Есімов
Кездесу барысында бұл күндері Алматыда өтіп жатқан Түркі кеңесінің жетінші кездесуінің мәселелері жан-жақты сөз болды.
Қала әкімі Кеңестің бауырлас түркі халықтары арасындағы достастықтың нығаюына зор үлес қосып келе жатқандығын ерекше атай келе: «Биыл Алматы - ТМД елдерінің мәдени астанасы деп жарияланды. 2015 жылы біздің қаламыз білім, ғылым және мәдениет мәселелері бойынша Ислам ұйымы (ИСЕCКО) аясында Ислам мәдениетінің астанасы атанбақ. Сондықтан, біз үшін түркі тілді елдермен байланыс өте маңызды. Біздің елімізде көп векторлы байланысты одан әрі нығайту үшін барлық жағдайлар жасалған. Кеңестің жетінші кездесуін өткізу бауырлас мемлекеттер арасындағы іскерлік серіктестікті одан әрі нығайтатын болады», - деді. Өз кезегінде түркітілдес мемлекеттер достастығы кеңесінің бас хатшысы Халил Акынжи бұл ұйымның Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылғандығын атап өтті.
«Түркітілдес мемлекеттер кеңесінің алғашқы саммиті 2011 жылы Алматыда өтті. Сондықтан, бұл қаланың біз үшін маңызы зор. Бүгін Алматыда Түркі кеңесінің кездесулері өтіп жатыр, бұл біздің елдер арасындағы достық байланыстың одан әрі нығаюының басты кепілі», - деді Халил Ақынжи.