«БізАлматы» атты қаланы дамыту жобасының қорытындылары шығарылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Бүгін Алматыда ауқымды қалалық бастамалар фестивалі өтті. Іс-шарада қаладағы ортаны жақсарту және өмір сапасын арттыру бойынша бірлескен жұмысқа мыңнан аса қала тұрғынын, сонымен қатар билік органдарының өкілдерін жұмылдырған «БізАлматы» жобасының қорытындылары шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«БізАлматы» атты қаланы дамыту жобасының қорытындылары шығарылды

Жоба Еуропа одағының 430 мың еуро мөлшеріндегі қаржылық қолдауымен іске асырылды. Оның мақсаты – Алматы қаласына мәдениет, бизнес және азаматтық қоғамды бағдарлы дамыту арқылы белсенді азаматтар қаласын қалыптастыру саласындағы 2020 жылға дейінгі Даму бағдарламасын іске асыруға көмектесу.

«БізАлматы» жобасын Британдық Кеңестен, Алматы қаласының әкімдігінен, Алматы қаласын дамыту орталығынан және Қазақстан-Британ техникалық университетінен құралатын серіктестер одағы іске асырды.

Үш жыл ішінде бастама арқасында экология, бос уақытты өткізу мен қалалық инфрақұрылым салалары бойынша 10 қоғамдық маңызы бар жоба қаржыландырылып, Нұр-Сұлтан қаласында тәжірибені тарату бойынша форумдар мен конференциялар ұйымдастырылды. Үздік идеялар авторлары 5 000 еуро мөлшеріндегі гранттарға ие болды.

«БізАлматы» аясында «Tazalyk» қалдықтарды қайта өңдеу эко-жобасы, қалалық Саунд-арт лабораториясы, «С любовью в каждой петельке» атты жасы үлкен адамдардың еңбегін қолдау жобасы, Қарасу шағын ауданындағы ақылды қоғамдық кеңістік, Ботаника бағындағы қалалық ферма, пластик қалдықтардың дайын өнім етіп қайта өңдейтін Rocket plastic шеберханасы, Eco-Scan мобилді қолданбасы, сонымен қатар «Зағип адамдарға ыңғайлы аудан», «Алматы оазисі», «Citizen Playground (3.0 микроклубы)» жобалары іске қосылды.

«Міндетіміз – өмір сүруге арналған жайлы орынды қалыптастыруға тұрғындардың өздері әсер ететін қала болу жолында Алматыға көмектесу еді. Үш жыл ішінде «БізАлматы» жобасы қалалық белсенділер, бизнес пен жергілікті билік органдарының өзара әрекеттестігінің бірегей алаңына айналды. Бұл фестиваль аясында біз барлық қатысушылардың басын қосып, жасалған жұмыстың қорытындыларын шығаруды көздедік», – дейді «БізАлматы» жобасының жетекшісі Данияр Мұқитанов (British Council Қазақстанның білім беру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жетекшісі).