#BizBirgemiz: Шымкенттік кәсіпкер өз қалтасынан 20 миллион теңге бөлді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кәсіпкер, «Nur Otan» партиясының мүшесі Қайрат Молдасейітов коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында 20 миллион теңге бөлді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Шымкенттік партияласымыз карантин жағдайында көмекке 20 миллион теңге бөлді. «Nur Otan» партиясының мүшесі, жомарт кәсіпкер Қайрат Молдасейітов бұл жайлы бүгін өз компаниясы тұрғызған тұрғын үй шағын ауданындағы клиниканың ашылуында хабарлады. Кәсіпкердің айтуынша, бұл жерде көмек ең бірінші кезекте қиын жағдайда қалу қаупі зор халықтың әлеуметтік осал топтарына көрсетіледі», - деп жазды партияның хатшысы Арман Қырықбаев Facebookтегі парақшасында.
Қазір әркім өз қара басын күйттейтін заман емес, дейді Қайрат Молдасейітов.
«Бұл кезең тіпті бизнес үшін де ауыр. Алайда өзіңмен бір қалада тұратын қарттарға, көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың ауыр жағдайларына қалай немқұрайды қарайсың? Бұл мүмкін емес», - дейді кәсіпкер.

Ол осынау игі істі еліміздің өзге қалаларындағы кәсіпкерлердің де қолдап, әлеуметтік жауапкершіліктің үлгісін көрсететініне сенім білдіріп отыр.