Бізде алауыздық туындайды деген сәуегейлік айтушылар болды - біз тыныштық пен келісімді сақтап қалдық! - Салман Героев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы «Қазақ елі» монументінің алдындағы «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы құрған әшекейлі мұнара қасында осы бірлестіктің жетекшісі, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Салман Героев қазақстандықтарды мерекемен құттықтады.

Бізде алауыздық туындайды деген сәуегейлік айтушылар болды - біз тыныштық пен келісімді сақтап қалдық! - Салман Героев

«Кеңес Одағы құлағаннан кейін бізде алауыздық туындайды, деген сәуегейлік айтушылар болды, алайда Мемлекет басшысының көрегендігі мен салиқалы саясатының арқасында біз тыныштық пен келісімді сақтап қалдық, тәуелсіздігімізді алдық, теңдік пен әділеттілік орнады. Біз мұны өте жоғары бағалаймыз», - деді ол.

Қазақстан халқының бірлігі күнінің маңызы туралы айта келіп, С.Героев «біздің біртұтас халық әртүрлі ұлыстардан: жергілікті қазақ халқымен қатар, Ұлы Отан соғысы жылдарында күштеп қоныс аударылған, тың жерлерді игеруге келген және басқа да себептермен осы жерге қоныс тепкен халықтардан құралды», деп атап көрсетті.

«Нұрсұлтан Әбішұлының «Барлық қазақстандықтар тең» деген сөзі менің есімде. Ол ата-баба дәстүрлерін сақтай отырып, мемлекеттілікті нығайту, оны өркениетті және демократиялық әлемдік қоғамдастық талаптарына сәйкестендіру міндетін алға қойды. Бүгінде біз оның нәтижесін көріп отырмыз - қазақ жерінде жүзден астам ұлттың өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр, бізде нағыз ұлтаралық келісім орнады. Біз басқа елдерде болып жатқан, әртүрлі соғыстар мен жанжалдарға, басқа да келеңсіз құбылыстарға ешқашан да жол бермейміз», - деді ол.

С.Героев барша қазақстандықтарға гүлдену, игілік пен достық тілеген лебізін білдірді. Оның айтуынша, Қазақстанда 40 мыңға тарта шешен мен 20 мың ингуш өмір сүруде. Астанада 5 мыңға жуық аталған ұлыстардың өкілдері тұрады. «Біз басқа халықтармен достық рәуіште қоян-қолтық өмір сүріп отырмыз. Бұл біздің ата-бабаларымыздың дәстүрлері мен аманаты», - деп түйді С.Героев.