Бізде әлі Қытайды сезу мен әсер ғана бар, ал терең білу жоқ - Қуаныш Сұлтанов

АЛМАТЫ. 12 шілде. ҚазАқпарат - Қытайлықтар кімнің қай уақытта күлетініне, қай уақытта қабағын түйетініне дейін біледі.

Бізде әлі Қытайды сезу мен әсер ғана бар, ал терең білу жоқ - Қуаныш Сұлтанов

 Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов бүгін Алматыда «Қытай қазақстандықтардың көзімен» деп аталатын жаңа кітаптың тұсаукесері кезінде осылай  айтты.

«Бұл жобаға өзім шын ықыласыммен қатынастым. Өйткені, бізде Қытайдың Қытай екенін білу бар, Қытайды сезу бар, Қытай туралы әсер бар, бірақ Қытайды терең білу жоқ. Ол бүкіл қоғамда жоқ, жалпы халықта жеткіліксіз. Қытайдың мінез-құлқын, олардың қоғамдық көзқарасын, дүниетанымын, өмірде болып жатқан құбылыстарға деген көзқарасын және олардың қолынан не келетінін, не келмейтінін зерттеу бізде кемшіл түсіп жатыр», - дейді Қ.Сұлтанов.

Саясаткердің айтуынша, қытайлықтар өзгелерді зерттеп, тану жағынан өте шебер. Олар бір нәрсені білгісі келсе, соның түп-тұқиянына дейін терең зерттейді. Қытайдың  мемлекеттік, экономикалық және мәдени  дамуы бүгінгі таңда дүниежүзінде өте ықпалды қозғалысқа айналып отыр.