16:43, 12 Наурыз 2009 | GMT +5
Бізде инновацияның дамуы өте төмен деңгейде ? Сенат депутаты
АСТАНА. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Бізде инновациялық үрдістің негізгі буындары арасында тұрақты байланыс жоқ», дейді Сенат төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпей.
Бұл пікірін ол бүгін «Нұр Отан» партиясының жетекшілерімен кездесуі барысында білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Елбасы «Алатау Сити» технопаркіндегі көрмені аралап жүргенде «ескіні бояп, жыртықты жамап өркениетті елдердің қатарына қосыла алмаймыз. Бізге керегі өндірістің еңбек өнімділігін көбейтетін инновация» деген болатын. Ал бізде бұл мәселе өте төмен деңгейде», деді сенатор. Оның келтірген мәліметтеріне қарағанда, өнеркәсіптегі кәсіпорынның инновациялық белсенділігі Португалия, Түркия, Балтық жағалауы елдерінде 25 пен 40 пайыз арасында. Германияда 82 пайыз, Швецияда 75 пайыз, тіпті көрші Ресейдің өзінде 10 пайыз. Ал Қазақстанда ол 4,8 пайыз ғана. «Бұл біздегі инновациялық үрдістің негізгі буындары арасында тұрақты байланыс тетігінің үйлестірілмегендігін, ірі технологиялық корпорациялардың жоқтығын, кіші инновациялық бизнестің дамымай тұрғандығын көрсетеді», деді ол.Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында Стратегиялық даму департаментінің құрылғандығы жөнінде айтқан М.Көпей «Бұл өте дұрыс шешім. Меніңше, осы департаменттің үйлестірілуімен ғылым және жаңа технолгиялар бағдарламасы бойынша білікті ғалымдар мен іскер мамандардан құралған қоғамдық кеңес қажет. Олар инновациялық тартымды жобаларды зерттеп, оларға қолдау көрсетіп, оны өндіріске енгізу жөнінде Үкіметке ұсыныс жасап отыруды қолға алғаны абзал болар еді. Ал инновациялық жаңалығы жоқ кез-келген бағдарламаның қаржыландырылмауын бақылап отыру керек», деді депутат.