Бізде тарихнамалық мақалалар мақтауға арналған мерейтойлық материалдар болып барады - тарихшы Талас Омарбеков
"Біздегі тарихнамалық мақалаларды оқып отырсаң мына кісі бәрін жазып қойса, жазатын ештеңе қалмаған екен ғой деп ойлайсың. Әрине, аға буынның еңбегін елеп-ескерген дұрыс, дегенмен тек мақтап қана қоймай мынаны жасай алмады, мынадай көзқарасымен біз келіспейміз деген сын да керек. Оны жаза алмай жүрміз", - дейді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Талас Омарбеков. Ғалымның айтуынша, бұған дәстүрлі тәрбиеміз бен өлгенге топырақ шашпа деген түсінік өз ықпалын тигізуде. Ал көзі тірі әріптес тарихшылардың кітаптары туралы рецензияны басатын кәсіби журнал жоқ. Күнделікті шығатын газет материалдары қоғамдық пікір тудыра алмауда. Кеңестік дәуірде сын-пікірдің арқасында ғана ғылым қарыштап дамыды. Бүгінгі таңда қазақ тарихынан оқулық жазбаған тарихшы қалмады. Алайда оның қайсысы жақсы екенін ешкім айта алмайды. Себебі бұл оқулықтардың бірде-біреуі сын тезінен өтпеген.