17:59, 29 Мамыр 2009 | GMT +5
Бізде тәуелсіздік жылдары драматургияда тоқырау болған жоқ - Мұхтар Құл-Мұхаммед
АЛМАТЫ. Мамырдың 29-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бізде тәуелсіздік жылдары драматургияда тоқырау болған жоқ. Ол үздіксіз дамып келе жатыр. Бүгін Алматыда өткен Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының кезекті пленумында Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед осылай айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Біздегі бір кілтипан, 90-шы жылдардың басындағы дағдарыс кезінде буын арасындағы байланыстың үзілуі. Сол кезде алдыңғы буын мен кейінгі буынның арасында әдебиет пен мәдениеттен кенжелеп қалған дүбәра буын өсіп шықты. Бұрын олар бірін-бірі толықтырып отыратын. Жаңа Әшекең (Әшірбек Сығай), «драматургияның ғана емес, режиссураның да көсегесін көгерту керек, ол үшін мықты режиссерлерді шақыру керек» деп жақсы идея айтты. Біз кеше драматургиялық шығармаларға ұлттық байқау жарияладық. Бірінші жүлде 1,5 миллион теңге, екінші жүлде 1 миллион теңге, үшінші жүлде 750 мың теңге. Бұл байқаудың бұрынғылардан ерекшелігі, онда бірінші орын алған шығармалар міндетті түрде Қазақтың Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры мен Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының сахнасына қойылады. Мақсат - театрдың репертуарына жақсы шығарма таңдап алу. Комиссия құрамына екі жетекші театрдың бас режиссерлері мен белгілі сыншы, драматургтер кіріп отыр. «Тәуелсіздік толғауы» тың туралы толғаныс сияқты емес. Егер біздің рухани дүниемізді сілкінтіп жіберетін жақсы шығарма дүниеге келетін болса, қай тақырыпта болмасын оны тәуелсіздіктің кірпіші деп есептеймін», - деген Мәдениет және ақпарат министрі бұл саланы дамытуға қазір ерекше мән беріліп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, драматургияда тәуелсіздік жылдары тоқырау болған жоқ. Ол үздіксіз дамып келе жатыр. Бізде тоқырау тек балет пен операда ғана болды. «Ең соңғы опералық туынды 1988-89 жылдары қойылған «Махамбет» пен «Қарагөз». 2006 жылғы Еркеғали Рахмадиевтің «Абылай ханына» дейін елімізде опералық жаңа шығарма сахналанбаған. Балетте де «Тілеп-Сары қызға» дейін 18-19 жыл бойы бірде-бір туынды сахналанбады. Ол кезде жалғыз ғана опера және балет театры болды. Кеше «Егемен Қазақстан» газетінде жаңа байқау жарияланды. Бұл опера мен балетті тығырықтан алып шығудың жолы», - дейді Мұхтар Абрарұлы.