Бізде үш бөлек заң болуы қажет - профессор М.Қоғамов
АНА. 5 қараша. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Астанадағы Қазақ гуманитарлық заң университетінде «Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы аясында аймақтардың тұрақты дамуының негізі ретінде жергілікті өзін-өзі басқару» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды.
Ғылыми мәжіліс барысында Қазақ гуманитарлық заң университетінің ректоры, профессор Марат Қоғамов атап көрсеткендей, Ата заңымыз - Казақстан Республикасы Конституциясына сәйкес, бүгінгі таңда елімізде мәслихаттардың жұмысын ұйымдастыру, жергілікті атқару және жергілікті өзін-өзі басқару органдарына арналған бөлек үш заңды қабылдау қажет. «Мен біздің Ата заңымыз - Конституцияны зерделей отырып, мына бір ой-түйінге келдім. Бізде үш бөлек заң болуы қажет. Бірінші, жергілікті мәслихаттардың жұмысын ұйымдастыруға арналған заң, екінші, жергілікті атқару органдары және үшінші, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына арналған заңды қабылдау керек. Біздің заңнамада жергілікті өзін-өзі басқару деген сөз бар. Демек, алдағы уақытта жоғарыда аталған үш заң қабылданады деген болжам бар. Ол, әрине, үкіметке және заң шығарушы органдарға тікелей байланысты. Негізі, бізде барлық биліктің қайнар көзі - халықта. Бірақ халық сол билікті өз деңгейінде іске асыра алмай жатыр», - дейді М.Қоғамов.