Бізді бір-бірімізбен біріктіретін де, бауыр ететін де бабаларымыздың бостандық жолында төгілген қаны- Н. Назарбаев
АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бізді бір-бірімізбен біріктіретін де, бауыр ететін де бабаларымыздың бостандық жолында төгілген қаны деп білемін. Бүгін Тәуелсіздік күні мерекесі салтанатына арналған жиында Қазақстан халқына Жолдау арнаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.
«Қазақстанның 2050 жылға дейінгі жаңа стратегиялық бағдарын жүзеге асыруда қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктеледі. Тағылымы мол тарихымыз бен ұлы бабаларымыздың ұлағатты өмірінен алар тәліміміз арқасында біз алдағы асулардан алқынбай аса аламыз. Үдеудің сыры - бірлікте, жүдеудің сыры - алауыздықта. Осыдан үш ғасыр бұрын Аңырақайда болған ұлы шайқаста ата-бабаларымыз бірліктің құдыретінің қандай болатынын өзіне де өзгеге де дәлелдеген болатын. Сын сағатта туған еліне деген перзенттік парыздар бәрінен жоғары тұрды. Сол шайқаста төгілген қан, барша қазақтың тамырында бар қан еді. Солай ғой. Бұл біздің бабаларымыздың қаны. Бізді бір-бірімізбен біріктіретін де, бауыр ететін де бабаларымыздың бостандық жолында төгілген осы қаны деп білемін», - деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Сонымен қатар, Президент елдік мұрат жолындағы ұлы ерлік қай уақытта да бабаларымыздың бойынан табылғанын атап өтті.