Біздің азаматтар Қазақстанның ірі ұлттық компанияларының тең меншік иелері бола алады-Елбасы

АНА. 1 наурыз. ҚазАқпарат - Кеше Ақордада республикалық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің азаматтары Қазақстанның ірі ұлттық компанияларының тең меншік иелері бола алатынын айтты.

Біздің азаматтар Қазақстанның ірі ұлттық компанияларының тең меншік иелері бола алады-Елбасы

Сұхбаттта Мемлекет басшысы маңызды мәселе ірі ұлттық компаниялардың акцияларын тұрғындарға сату - халықтық ІРО екенін айта келе: «Жұмыс бірнеше кезеңмен жүргізіледі. Биылғы жылы «ҚазМұнайГаз» Барлау және өндіру» өз акцияларының 5 пайызын саудаға шығарады. Бұл пакеттің құны - 500 миллион доллар. Әр адам 50 акциядан артық сатып ала алмайды. Сауда «Қазпошта» бөлімшелері арқылы жүргізіледі. Артынша «КЕGОС», «Қазпошта», «ҚТЖ», бірқатар энергетикалық компаниялардың акциялары сатылатын болады. Уақытына қарай «Қазцинк», «Қарметкомбинат», «ЕNRC», «Қазақмыс»та өз акцияларын саудаға қояды. Осылайша, біздің азаматтар Қазақстанның ірі ұлттық компанияларының тең меншік иелері бола алады», - деді.

Елбасының айтуынша, сатылмай қалған акциялар еліміздің зейнетақы қорлары арқылы жүзеге асырылады. Бұл - мемлекеттің маңызды қадамы. Оған тек Қазақстан азаматтары ғана қатыса алады. Бүгінде бүкіл әлем акциялар нарығында табыс табады. Бұған қазақстандықтар да үйренуі керек.