Біздің белсенді сайлаушыларымыздың құрамы жасарып келе жатыр - №482 сайлау учаскесінің төрайымы

  АЛМАТЫ. 15 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Сайлау кезінде әдеттегідей аға буын жастарға үлгі-өнеге көрсетуде.

Біздің белсенді сайлаушыларымыздың құрамы жасарып келе жатыр  -  №482 сайлау учаскесінің төрайымы

 Алматы қаласы Әуезов ауданы Қалқаман ықшамауданындағы №15 сайлау округіне қарасты №482-ші сайлау учаскесінің төрайымы Эльвира Орақбаеваның айтуынша, сайлауда  жасы 30-дан асқан аға буын өкілі белсенділік танытуда.

«Біздің  учаскемізде 1999 сайлаушы бар. Оның 10-ы ғана учаскеге өз бетімен келіп дауыс бере алмайды. Сондықтан олар өз таңдауын білу үшін үйіне барып, дауыс беру рәсімін өткіземіз. Бүгін сайлау үдерісі кезінде таңғы сағат 8-ге дейін 36 сайлаушы учаскеге кеп өз қалауын білдірді. Ал 9-да олардың саны елуге дейін жетті», - дейді Эльвира Жетпісбайқызы. Ондағы сайлаушылардың дауыс беру барысын «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы мен Жалпыұлтық социал-демократиялық партияның байқаушылары бақылауда.

Осымен екінші рет учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы болып отырған Ж. Орақбаеваның айтуынша, 2011 жылдың 3-сәуірі күні өткен ҚР Президенті сайлауында 1900 сайлаушының 1632-сі дауыс беруге қатысқан.  Сайлау комиссиясы мүшелері биыл да дауыс берушілердің бәрін тізім бойынша аралап шақыру қағазын таратып шыққан.

«Біздің ауданда негізінен ауылдық жерден көшіп келген тұрғындар тұрады. Сондықтан қаланың өзге тұрғындарына қарағанда біздің сайлаушыларымыздың саяси белсенділігі әрдайым жоғары болып жүр. Былтыр   40 жастан жоғарылар  үлкен белсенділік көрсеткен еді. Бұл жолы оның құрамы 30-жасқа дейін жасарып отыр», - дейді Э. Жетпісбайқызы.