Біздің елден де мықты футболшы шығарына кәміл сенемін - Қайрат Адамбеков
АЛМАТЫ. Шілденің 15-і. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Маусымның 11-інен басталып, шілденің 11-не дейін жалғасқан Африка құрлығындағы айтулы әлемдік футбол додасы талайлардың бағын ашты. Шын мықтыны анықтап, әлемдік футбол деңгейін анықтап берді. Осы орайда Қазақстан футболы туралы да біршама ой қозғауды жөн санап, Қазақстан
футбол қауымдастығының техникалық директоры Қайрат Адамбековпен сұхбаттасқан едік.
- Қайрат Ілиясұлы, жақында ғана аяқталған әлем біріншілігі туралы көзқарасыңызды айтып өтсеңіз...
- Ең біріншіден мен бүкіл қазақстандықтарды құттықтағым келеді. Себебі, елімізде маусымның 11-інен бастап шілденің 11-іне дейін барлық матчтарды қалдырмай көруге жағдай жасалды. Бұндай мүмкіншіліктер барлық елдерде орындалып жатқан жоқ. Мысалы көршілес өзбек, қырғыз елдері азаматтары ойындарды Қазақстанға келіп тамашалауға мәжбүр болды. Бұл орайда ҚФО-ның атқарған ерен еңбегін бағалағанымыз жөн. Сонымен қатар, демеушілік көрсеткен «Альянс банкіне», «LG» компаниясына, ақпараттық демеу білдірген «Хабар», «Ел арна» телеарналарына және т. б. қолдау көрсетушілерге көп алғыс айтамыз. Әр ойынның тікелей хабарламаларынан соң, өткен кездесулерге талдау жасалып отырды.
Бұл әлем біріншілігінің ерекшеліктеріне келетін болсақ, оны Африка құрлығында өткізуді ФИФА президенті Зеп Блаттер көп уақыттан бері жоспарлап келе жатқан игі іс еді. Ол бастамасы, мінекей, жүзеге асты.
Жалпы, Африка құрлығын алып қарайтын болсақ, ондағы елдерде экономикалық, әлеуметтік жағынан қаншама түйткілді, шешілмей жатқан мәселелер бар. Соған қарамастан, ФИФА қауымдастығының шешімі бойынша ұйымдастырылған бұл байрақты бәсеке бүкіл қара құрлық елдеріндегі футболдың дамуына, халықтарының футболға деген қызығушылығын онан әрі арттыруға бағытталған шара. Осы айтулы жарыстың өткізілуі нәтижесінде сыйымдылығы 30 мың мен 80 мың аралығындағы үлкен-үлкен стадиондар салынды. Соның арқасында, жасөспірімдер арасында футбол дамуының кең қанат жаюына мол мүмкіндіктер жасалып отыр.
Бұл әлем біріншілігінің бір ерекшелігі, бұрынғы жұлдыз боп саналатын кей құрамалардың жарыс жолынан ерте шығып қалуы. Сонымен бірге, әлемдік футбол жұлдыздарының да осы ойындарда өз дәрежесінде өнер көрсете алмауы. Мысал ретінде команда сапына бірыңғай жұлдыздарды жинаған Франция, Англия құрамаларын айтуға болады. Франция құрамасы ойын барысындағы ішінара түсіністіктің әлсіздігінен нашар ойын көрсетті. Оған қоса, бірінен бірі өткен ылғи жұлдыздармен бапкердің дұрыс жаттығу жұмыстарын жүргізе алмауы да бұл команданың ақыр соңында біріншіліктегі өз кезеңін ерте аяқтауына әкеп соқты.
Және керісінше, осы жарыс жолында көрермендерге әдемі ойын өрнегін көрсете білген, ұжымдық ойын үлгісін де жақсы таныта білген құрама есебінде Германияны атауға болады. Додаға құрамадағы жетекші ойыншы Михаил Баллактың жарақатына байланысты қатыса алмауы себепті, футбол сарапшыларының көбісі немістердің мүмкіндігі мүлдем аз деген болжам жасаған еді. Бірақ, олар әлемдік деңгейін сақтап, құрама сапына Мюллер, Өзел сияқты жас таланттарды алып, неміс футболының жаңа сапаға көшкенін көрсетті. Соның арқасында Англия, Аргентина секілді алпауыт командаларды ірі есеппен шаң қаптырды. Сол секілді, Уругвайды да ешкім жартылай финалға шығады деп күтпеген болатын. Бұл дегеніңіз әлемдік аяқдоп өнерінің күннен-күнге жаңарып келе жатқанын дәлелдейді.
- Осы әлем чемпионатының қорытынды нәтижелері бойынша Қазақстан футболына қандай сабақтар алуға болады?
- Аяқталып отырған әлем чемпионатынан Қазақстан футболына алар сабақ көп. Ең бастысы, жасөспірімдер арасында насихатты күшейтуіміз керек. Мысалы, Африка құрлығынан қаншама футбол жұлдыздары шықты: Дидие Дрогба, Саломон Колу, ағайынды Турелер т.б. Ол - бала кезден футболмен тұрақты айналысудың нәтижесі. Бірақ та олар өз елдеріндегі әлеуметтік қиыншылықтар салдарынан басқа, дамыған мемлекеттерде, көбісі ағылшын премьер-лигасында ойнайды. Ал оларды бір мезетте жинап алып, күшті команда жасап шығару мүмкін емес жағдай. Құрамында қанша жұлдыздар болғанменен, Африкалық командалардың қарсыластарына есе жіберуінің себебін осыдан қарауға болдады.
Біздің ел қазіргі таңда еуропалық стандарттарға сай футбол қалыптастыруға талпынып келеді. Мұнда ең бастысы амал, айла-тәсілдерге аса мән беріледі. Әлем кубогін жеңіп алған Испания құрамасы ойынын алып қараңыз. Жекелей алғанда алып бара жатқан шеберліктері сонша жоғары емес. Дегенмен, командалық ойын, яғни ұжымдық ойынның озық үлгісін жасай білгендіктен олар осындай жетістікке жетті. Байқаған болсаңыздар, Латын Америкасы елдері шетінен жарыспен ерте қош айтысты. Бразилияның Голландиядан ұтылуы және Аргентина құрамасының Германиядан ойсырай жеңілуі осы ұжымдық ойынның нәтижесі екені сөзсіз. Осыдан келіп, бізге негізінен еуропалық мамандардың сабағын алуымыз керектігін жете түсінеміз.
- Еліміздегі жастар мен жасөспірімдер арасында футболдың насихатталуы, дамытылуы қалай жүріп жатыр?
- Қазіргі таңда футболдың насихатталуы мен дамытылуы еліміздің барлық аймақтарында қарқынды жүріп жатыр деп айтуға болады. Бүгінде әрбір қалада бірнеше шағын, жасанды алаңдар салынған. Бірақ, бұл аздық етеді.
Осы мәселелерді саралай келе, біз еліміздің орта мектептерінде арнайы футбол сабағын енгізуді жоспарлап отырмыз. Мұндай тәжірибелер бүгінге дейін Ресейде, Украинада, Беларуста, т.б. еуропа елдерінде қолданылып келеді. Біз футболды арнайы сабақ етіп енгізу арқылы қызығушы жас жеткіншектерді бала күнінен тәрбиелей бастауды көздеп отырмыз. Соның нәтижесінде, болашақта спорттық бейімділігі жоғары нағыз аяқдопшылар шығатын болады.
Кейде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы Африка елдерінен әлдеқайда жоғары. Бірақ біздің футбол олардан неге төмен деген әңгімелер туындап жатады. Бұл мәселеде африкалықтардың генетикалық жаратылысының футбол ойнауға қолайлылығын назарға алуымыз керек. Сонымен бірге, оларда ғылым-білім біздегідей күшті емес. Сондықтан, балалар жас күнінен футболға дағдыланып, тәрбиеленіп өседі. Ал бізде әлеуметтік мәселеде мол мүмкіншілік бар. Тек бала кезінен дайындап өсірсек, бізде де мықты футболшы шығатынына мен кәміл сенемін.
- Жалпы, футболдың жақсаруы үшін бапкерлердің орны ерекше. Ал біздің елдегі бапкерлеріміздің біліктілігі қандай?
- Біздің елде 2004 жылдан бері еуропалық стандарттарды қамтитын халықаралық «А-В-РRО» бағдарламасы бойынша бапкерлерге біліктілік арттыру семинарлары өткізіліп тұрады. Ол үшін әр клуб бапкер үшін ақшасын төлейді. Сол бойынша, еліміздің жастар командаларының бапкерлері, бірінші лига бапкерлері және премьер-лига бапкерлері өз білімдерін шыңдауда. Жыл соңында сәйкесінше емтихандарын тапсырады. Емтихандарын сәтті тапсырған жағдайда оларға арнайы дипломдар беріледі.
Былтыр желтоқсан айының соңында халықаралық бүкіл еуропалық стандарттарды қамтитын «РRО» бағдарламасының грантын жеңіп алғанбыз. Сонан бері осы бағдарлама аясында 100-ден аса бапкер «В» категориясынан, 57 бапкер «А» категориясынан өтті. Ал «РRО» категориясын әзірге 12 адам игерді. Оның ішінде 4 бапкер дипломын иеленіп үлгерді. Ал қалғандары жақында ғана емтихан тапсырып қойды. Кағаздарын УЕФА-ның сараптама орталығына жібердік. Оның қорытындылары алдағы уақытта белгілі болады.
- Осы чемпионат басындағы топтық кезеңде Қазақстан құрамасы Украина, Беларус және ағылшындармен бір топқа түсіп, өз әлінше өнер көрсеткені белгілі. Алдағы Еуропа біріншілігіне дайындығымыз қандай?
- Өздеріңізге белгілі, қазіргі құрамамыз Арно Пайперс кезіндегі құрамынан толық жаңартылған. Қазіргі бапкеріміз келе сала осындай жаңалық енгізді. Осы ретте Қазақстан футболының да жаңа сатыға көтеріліп келе жатқанын айта аламыз. Неміс бапкері Бернд Шторк Ұлттық құраманы жаңа толқын - жас буындармен толықтырып, жаңартты. Олар да өз кезегінде шеберліктерін байқатуда. «Уэмблиде» Джеймс қақпасына Көкеевтің доп соғуы, Украинамен өткен керемет ойындар, тағы сол сияқты нәтижелер көрініс беруде. Айта кететін бір жайт бар: біз неміс маманымен келісім шартқа отырар кезде алдағы Еуропа біріншілігінің топтық кезеңінде Ұлттық құрамамыз кемінде 3 ұпай олжалауға тиіс. Бұл шартымызды орындауға уәде берген Шторк сенімді ақтайды деп сенеміз.
- Біз де соған сенейік. Әңгімеңізге рахмет!