Біздің еліміздің театрлары нағыз жаңару кезеңін бастан кешіруде - Елбасы
АЛМАТЫ. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат /Айгүл Тұрысбекова/ - Қиын кездердің өзінде мемлекет еліміздің театрларына қолдау көрсетіп отырды.
Мәдениет пен өнеріміз әрқашан биікте болуы үшін, біз қолдан келгеннің бәрін істейтін боламыз, деді Елбасы Н.Назарбаев кеше Алматыда М.Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында еліміздің зиялыларымен болған кездесуінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Президент, Қазақстанда елуден астам театр жұмыс істейді және олардың көпшілігі соңғы жылдары, Лермонтов театры сияқты күрделі жөндеуден өтті, деп атап көрсетті өз сөзінде. «Біздің еліміз қазір театрлардың нағыз жаңаруы кезеңін бастан кешіруде. ТМД-дағы біраз елдерде кей театрлар өз қызметін тоқтатып жатқан кезде Қазақстанда екі жаңа театр - Астанада және Шымкентте, еліміздің облыс орталықтарында жеті драмалық театр ашылды. Ең бір ауыр жылдардың өзінде біз әртістерді қолдауды ұдайы назарда ұстадық. Тек биылғы жылдың өзінде жоспарлы 25 пайыздық өсімнің үстіне бірқатар шығармашылық ұйымдардың ұжымдарына 1,72 коэффициенті қолданыла бастады. Сөйтіп, әртістердің жалақылары іс жүзінде екі есе өсті»,- деп атап көрсетті Н.Назарбаев. Сондай-ақ Президент бірқатар отандық театрлардың репертуарларымен танысқанын, оларда классиканың үлесі басым екенін айтты. Осыған байланысты Елбасы театр қайраткерлеріне өзінің бірнеше тілектерін айтып, режиссерлерге тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі өмірін бейнелеу туралы ұсыныс жасады. «Көкейкесті, осы заманғы тақырыптарға жазылған жаңа пьесалар репертуарды байытып қана қоймай, театрға жас көрерменді тартуға да көмектесер еді. Мұның өзі біздің жастарымызды тәрбиелеу, театрға құмар адамдардың жаңа буынын қалыптастыру үшін өте маңызды», - деп атап көрсетті Елбасы. Президент сонымен бірге, Білім және ғылым министрлігіне Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесе отырып біздің шығармашылық жастарымыз ?Болашақ? бағдарламасы аясында әлемнің таңдаулы жоғары оқу орындары мен сахналарында өз шеберлігін шыңдауға мүмкіндік алуына жағдай жасауды тапсырды.