«Біздің ең асыл қазынамыз - ынтымақ пен бірлік» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Мамырдың 5-і. /ҚазАқпарат/ Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда мамырдың 5-і, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

«1 мамыр күні Астана аспаны бұлың­ғыр­лау болғанымен, бірлігі жарасқан қа­зақ­стандықтардың көңілі шат, жүздері ба­рынша жарқын болды. Қазақстан халқы­ның бірлігі мерекесіне арналған салта­нат­ты шаралар қаланың бірнеше жерінде ұйымдастырылса, соның ішіндегі ең басты сахна Астана қаласының әкімдігі алдын­дағы ескі алаңда құрылды. Мұндағы әсем бе­зендірілген сахнада Астана қаласы фи­лармониясының халық аспаптар оркестрі таңертеңнен бері төңіректі төгілген ән мен күмбірлеген күйге бөлеп, көңілдерді көк аспанға көтерердей етіп тұрды. Сағат тура 11.00-де ескі алаңдағы сах­на­ға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көте­ріліп, барша қазақстандықтарды Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтады», - деп жазған «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Біздің ең асыл қазынамыз - ынтымақ пен бірлік» атты мақала елорда төрінде Елбасының қатысуымен өткен мерекеге тоқталыпты.

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунның «Жаңа «Граунд зеро» атты мақаласы жарық көріпті. Мақалада Ядролық қауіпсіздік мәселесі туралы сөз болады. «Осыдан бірнеше апта бұрын Қазақстанда болған кезімде мен жарылыс эпицентрінде сананы сауықтырған сезімді бастан кешірдім. Бұл Кеңес Одағы 1947-1989 жылдар аралығында 456 ядролық бомба жарған қасіреті әлемге әйгілі Семей сынақ полигоны болатын», - дейді автор.

«Егемен Қазақстан» газеті Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында тарихи-танымдық, деректі мақалалар сериясын үзбей жариялап келеді. Басылымның бүгінгі санында жарық көрген Темір Құсайынның «Қаһарман және тұңғыш министр» атты мақаласы, Мұрат Төлебаевтың «Батыр» және Мамадияр Жақыптың «Қару мен қалам» атты мақалалары Жеңістің 65 жылдығына арналыпты.

***

Су тасқынынан зардап шеккен Қызылағаш тұрғындары қоныс тойын тойлауда. Жуырда Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов 45 отбасыға құрылысы толық аяқталған үйдің кілтін тапсырды. Мерекеге ұласқан салтанатты кілт тапсыру рәсіміне тұрғындардың қуанышымен бөлісуге қала әкімдігінен бөлек Алматыдан бір топ ақын-жазушылар, әншілер, басқа да өнер қайраткерлері келді. Салтанатты шараны «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Қызылағаштықтар қоныс тойын тойлауда» деген тақырыптағы мақаладан оқи аласыздар.

Енді әрбір ата-ананың үйде отырып-ақ мектептегі баласының қай сабақтан қандай баға алып жатқанын сол сәтте біліп отыруына мүмкіндік туды. СМС-күнделік жүйесіне қосылса болғаны - баласының үлгерімі мен тәртібін телефонына келіп түскен ақпарат арқылы бақылап отыра алады. Жұмысбасты ата-ананың көмекші құралына айналмақ жаңа жүйе Алматы қаласының мектептеріне де енгізіле бастады. Жаңа жүйенің жайымен толығырақ танысқыңыз келсе, «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Жаңа білім жүйесі» тақырыбымен берілген мақалаға назар аударыңыз.

Елорданың «Локомотив» футбол клубы «еурододаға қатыссам» деген үміттерін биылдыққа біржола үзді. Премьер-лига клубтарының құжаттарын тексеру нәтижесінде Қазақстан футбол федерациясы Европа лигасына «Локомотивті» емес, Қостанайдың «Тобылын» қатыстыруды жөн деп шешті. Алайда мәртебелі турнирге «Тобылдың» қатысқысы жоқ. Неліктен? Егжей-тегжейін «Алаш айнасы» газетіндегі «Локомотив» еурододадан шет қалды» атты мақаладан оқыңыздар.

***

Мексика шығанағындағы Америкадай алпауыттың өзін тітіреткен апат Мәсімов билігін қазір бәрінен бетер мазалап отыр екен. Кеше апта басындағы әдеттегі селекторлық кеңесті ашқан Үкіметбасы басқа мәселелерді қоя тұрып, алдымен мхиттың ар жағында болған сол оқиғаға министрлер мен әкімдердің назарын аудартты. Сонымен қатар Премьер Мұнай және газ, Қоршаған ортаны қорғау министрліктеріне Каспийдегі «қара алтын» өндірісіне комиссия жүргізіп, беті бүркемеленген барлық проблеманы әшкере етуді жүктеді. Бұл туралы толығырақ «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Мәсімов Үкіметін мазалап отырған мәселелер жетерлік» деген мақаладан оқи аласыздар.

«Шанхай қаласында дүниежүзілік «Экспо - 2010» көрмесінің ашылу салтанаты болып өтті. 2008 жылы Бейжің Олимпиадасын өткізіп, озық технологияларының мүмкіндіктерін күллі әлемге танытқан Қытай бұл жолы да өзінің қарыштап дамып келе жатқан ел екенін көрсете алды. Беделді көрменің ашылу салтанаты алуан түрлі от-шашулармен айшықталып, жоғары деңгейде өткізілді. Көрме барша жұртшылықтың қызығушылығын арттыратындай дәрежеде әсем безендірілді», - деп жазған «Айқын» газетіндегі келесі мақала Шанхайда өтіп жатқан «Экспо - 2010» көрмесіне назар аударыпты. Бұл көрмеде еліміздің алатын орны қандай? Егжей-тегжейін «Шанхай шырайланып тұр» атты мақаладан оқыңыздар.

«Айқын» газетінің 28 сәуірдегі санында «Депутаттың ауылы неге дүрлігеді?» деген сауалға құрылған оқырман хаты жаряланған еді. Осыған байланысты басылымның бүгінгі санында «Депутаттың ауылы енді дүрлікпейтін болды» деген тақырыппен Қордай ауданындағы Қарасай батыр ауылында туып-өскен, бүгінде Мәжіліс депутаты Құрманғали Уәли мырзаның берген жауабы жарияланыпты.

Соңғы жаңалықтар