«Біздің «Келін» «Оскардан» дәмелі» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Қазанның 15-і. ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қазанның 15-і, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Қазанның 13-інде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы күндерде 75 жылдығын атап өтіп жатқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде болып, мерекелік шараларға қатысқан болатын. Соның ең бастысы - Елбасының университеттің профессорлар мен оқытушыларына және студенттеріне арнап оқыған дәрісі телекөпір арқылы еліміздің барлық жоғары оқу орындарында көрсетілген еді. «Айқын» басылымының бүгінгі санында «Қазақстан дағдарыстан кейінгі дүниеде: болашаққа интеллектуалды секіріс» деген атпен Елбасының осы оқыған дәрісінің толық нұсқасы оқырман назарына ұсынылған.
Елбасының осы дәрісінің толық нұсқасын «Астана ақшамы» газетінің бүгінгі санынан да оқуға болады.
«АҚШ президенті Барак Обаманың Каирдегі «Жаңа бастаулар» атты сөзі әлі де ел есінде. Күллі мұсылман әлеміне, оның ішінде Қазақстан халқына да жағымды жаңалық боп жеткен президенттің сөздері - Ақ үйдегі оңтайлы өзгерістердің басы ғана екен. Таяуда елімізге президент Барак Обаманың бастауымен құрылған арнайы қызмет - Мұсылман қауымдастығымен байланыс жөніндегі арнайы өкілі Анвар Пандит ханым келіп, қазақстан мұсылмандарымен терең де нәтижелі байланыс орнатуға дайындығын аңғартты», деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның бейсенбілік санында «Барак Обаманың нұсқауы - мұсылмандармен қарым-қатынасты дамыту» деген тақырыппен жарық көрген мақалада арнайы өкілдің Қазақстанға сапары жайында егжей-тегжейлі жазылған.
«Алашапандылардың «әшуласы»». Осы атаумен «Айқын» газетінде жарияланған мақалада қазіргі таңдағы қазақ эстрадасының әуені өзбек пен түріктің, парсы мен арабтың мақамына бұрмаланып бара жатқандығы айтылған. Сонымен қатар эстрада жұлдыздары Ұлықпан Жолдасов, Мұқасан Шахзадаев, Бағлан Омаровтың осы жайтқа орай пікірлері берілген. «Ішінде 100 әні бар қазақша диск сатып алдым. Қызық болғанда, сол жинақтың ішінен 10 ән тыңдауға жарайды екен, ал қалғанын қабылдай алмадым. Шынында, бәрі өзбек болып кеткен бе, өзбектеніп барамыз ба, жалпы қай мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды түсінбедім. Клиптерде өзбек актерлері мен солардың салт-санасын насихаттағанымызбен қоймай, енді ана тіліміздегі әннің басы, ортасы, аяғында ойналатын музыкалардың барлығы өңін айналдырып, тұттастай өзбекше нұсқаға бейімделіпті. Бұл той дейтін, тойдың нұсқасында да жазылған дүниелер емес. Кәдімгі алашапандылардың айна-қатесіз көшірмесі», деген Ұлықпан Жолдасовтың сөзі келтірілген.
***
Таяуда елорда маңынан тағыда бір күмбезді кесененің жұрты табылып, қазіргі уақытта онда археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ғалымдардың пікірінше, бұл кесене орта ғасырларда бой көтерген екен. «Астана ақшамы» газетінің айқара бетіне басылған мақала осы тақырыпты қаузайды. Сонымен қатар мақалаға тұздық ретінде қаржы жұмыстарына қаржы тауып, істің басы-қасында жүрген Астана қалалық сәулет және қала құрылыс басқармасы бастығының орынбасары Қайрат Қожамжаровтың сұхбаты қоса жарияланған.
«Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру басты мәселелердің біріне айналғалы қашан. Біршама шаруалар да атқарылып жатыр. Елбасының өзі қазақ тілінің мәртебесін көтеру жайын жиі айтып, шынайы қамқорлық жасап келеді. Тіпті жыл сайын мемлекеттік тілдің мерейін үстем ету мақсатында түрлі шаралар өткізілуде. Биыл он бірінші рет ұйымдастырылып отырған Тілдер фестивалі мемлекеттік тіліміздің мәртебесін асқақтатып, кемерін кемелдендіре түспек», деп жазады «Астана ақшамы» газеті. Басылым бетінде жарияланған «Мерейлі міндет мұғдары» атты мақала қазақ тілі мәселесіне арналған.
***
«Қор болған қола мүсіндер». Осы тақырыппен «Нұр Астана» газетінде жарияланған мақалада тәуелсіздік сарайының артындағы күресінде жатқан Қазақ хандығының іргесін қалаған Керей мен Жәнібек хандардың ескерткішінің қараусыз жатқандығы ашына жазылған. «Елім-жерім деп «түнде ұйықтамаған, күндіз отырмаған» ұлы бабаларына бүгінгі ұрпақ Тәуелсіздік сарайының алдындағы сән-салтанаты жарасқан жерді қимай, сарайдың артындағы үйінді топырақ пен күл-қоқыстың арасынан, контейнерлердің қалтарысынан «құрметпен» орын босатыпты. Хандар жалғызсырамасын десе керек, контейнерлердің қалқасынан атқа мінген алты батырдың мүсіні менмұндалайды», деп жазады басылым.
«Режиссер Ермек Тұрсыновтың «Келін» атты кинотуындысы қалың көрермендердің назарына жетпей жатып, киногерлер мен зиялы қауым өкілдерінің ащы сынына ұшырағаны мәлім. Соған қармастан, «Келін» аты әйгілі «Оскар» байқауына ұсынылып отыр», деп жазады «Нұр Астана» газеті. Шағын мақала «Біздің «Келін» «Оскардан» дәмелі» деген тақырыппен берілген.
***
Биылдан бастап оқушыларымыз мектепте «дінтану» арнаулы пәнін оқи бастады. Кейбір қоғам өкілдері дінді әскерде де насихаттау қажет деп есептейді. Мәжіліс депутаты Амангелді Момышев пен саясаттанушы Әміржан Қосанов осы тақырып бойынша «Алаш айнасы» басылымның «Ой-көкпар» айдарында пікір таластырған. Амангелді Момышев «ислам діні сарбаздарды имандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелейді» десе, Әміржан Қосанов «біздің еліміз зайырлы, құқықтық мемлекет. Біз өз заңдарымыз арқылы ішімізге қой терісін жамылып еніп жүрген жасырын, жалған діни ағымдарға қарсы тұруымыз керек» деп өз ұстанымын білдірген. Пікірсайыс «Қарулы күштерге тұрақты дін уағыздаушылары қажет пе?» деген тақырыппен жарияланған.
«Алаш айнасы» басылымының бейсенбілік нөмірінде елімізде әлі күнге дейін аты өзгермей тұрған екі қаланың бірі Павлодарда көше атауларының әлі күнге шейін орысша аталатындығын қаперге алған. Осыған орай, облыстық деңгейдегі ономастикалық жұмыстардың жандануына үлес қосып келе жатқан облыстық мәслихат депутаты, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті ректоры Ерлан Арын мырзамен сұхбаттасқан. Еліміздегі ұлттық саясат, ономастика және руханият төңірегінде өрбіген екеуара әңгіме «Ономастика ісімен айналысатын агенттік құру керек» деген атаумен жарық көрген.
«Отандық кәсіпкерлер 4 жыл сұрап отыр». Осы тақырыппен «Алаш айнасы» газетінде мақала жарық көрді. Басылымның жазуынша, отандық кондитерлік өндіріс банкроттықтың алдында тұр. 2005 жылы нарықтағы отандық өнім үлесі 54 пайыз болса, биыл 49 пайызға дейін құлдыраған. Сырттан әкелінетін қант-кәмпитке тосқауыл қою арқылы қазақ компанияларын қорғауға бағытталған шаралар биыл күшін жояды. Қазақстан кондитерлер қауымдастығы үкіметтен осы жеңілдіктерді әлі 4 жыл сақтауды сұрап отыр. Жағдай жақын арада өзгермесе, 25 мыңнан астам адам жұмыссыз қалуы әбден ықтимал.
***
Қазанның 13-інде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 75 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде болғандығы жайында «Экономика» басылымы «Интеллектуалды ұлт боламыз» деген тақырыппен мақала жариялаған. Онда «Бүгін ерекше салтанатты күн. Еліміздің ең беделді, ең белгілі оқу-білім ордасы - Қазақтың ұлттық университетінің құрылғанына 75 жыл толып отыр. ҚазҰУ - қарашаңырақ, ерекше мәртебесі бар жетекші классикалық университет. Жоғары кәсіби және жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім мен ғылымды инновациялық дамытудың ұлттық көшбасшысы», деген Елбасының сөзі келтірілген.
«Алматыда Мемлекет басшысының жұмыс сапары жалғасуда», деп жазады «Казахстанская правда» газеті.
Кеше Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласының «Шаңырақ» ықшам ауданындағы «Спорттағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатында болып, қаланың Ішкі істер департаменті бөлімдеріне 103 су жаңа «Mitsubishi Lanser», «Daewoo Nexia», «Wolkswagen Santana» маркілі автокөліктерінің кілттерін табыс етті. Бұл жаңалық "Известия-Казахстан", "Литер", "Экспресс-К" басылымдарының назарынан да тыс қалмаған.
«Экспресс-К» басылымының жазуынша, «Алтын» холдингінің қылмыстық ісі халықаралық деңгейге көтеріліп отыр. Ресейлік ішкі істер органдарынан кейін қазақстандық қаржы полициясы да ірі зергерлік желінің отандық салондарында жедел іздестіру шараларын бастаған.
«Кеше Шымкентте қазақстан-өзбекстан шекарасында тікұшақтың құлауы барысында қаза тапқан шекарашылардың отбасына мемлекеттік наградаларды салтанатты табыс ету рәсімі өтті», деп жазады «Экспресс-К» газеті. Мемлекет басшысының жарлығымен қыркүйектегі қайғылы жағдайға тап болған шекарашылардың барлығы орден-медальдармен марапатталған.