Біздің кейіпкер қандай қиындық болмасын тура жолдан таймайтын адам - «Бір кем дүние» фильмінің режиссері
АЛМАТЫ. 21 қараша. ҚазАқпарат - «Бұл жалпы көрерменге арналған фильм. Оны түсірген кезде пайда табу туралы ешқандай ойымыз болған жоқ.
Мақсатымыз, тек көрерменге ой салатын салмақты дүние жасау ғана болды. Қандай қиын болмасын оны тура жолмен шешіп, әділдіктен таймай, өз ұстанымына адалдық танытқан Мұса ақсақалдың басынан өткендері өзгелерге сабақ болады деп үміттенеміз», -деді бүгін Алматыда «Бір кем дүние» деп аталатын жаңа туындының тұсаукесерінде осы фильмнің режиссері Төлеген Бейсет.
Оның айтуынша, кинода Мұса ақсақалдың рөлін сомдайтын Қазақстаның еңбек сіңірген қайраткері Оразхан Сәдуақасұлы бірден таңдалып, оның мінезі мен театр сахнасындағы ойынына қарай сценарийді Орынбасар Балтабайұлымен бірге жазған. Ал түсірілім Алматы облысындағы Жамбыл музейі ауылында және Алматыда жүргізілген.
Жалпы «Бір кем дүние» Т. Бейсеттің «GLOBAL studio» телестудиясында шығарылған екінші фильмі болып отыр. Бұған дейін ол «Оразаң қабыл болсын» деп аталатын ойындық фильм түсірген болатын. Ал алғашқы «Ерке» деп аталатын Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын бітірген кездегі дипломдық жұмысымен «Шәкен жұлдыздары» және Румыниядағы кинофестивальға қатысқан. Алдағы жылы «Шәкен жұлдыздарына» енді «Бір кем дүниені» де ұсынып көрмек.