«Біздің қыздар чемпион!» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қазанның 20-сы.  ҚазАқпарат.  Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қазанның 20-сы,  сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Біздің қыздар чемпион!» - республикалық  басылымдарға шолу

***

«Кеше «Нұр Отан» ХДП - ның Парламент Мәжілісіндегі Фракциясының кеңейтілген жиналысы болып, онда Үкімет пен Ұлттық банктің, Қаржы рыногын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің Экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі 2009-2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарының және Президенттің ағымдағы жылғы Жолдауында қойылған міндеттердің орындалу барысы туралы мәселе кеңінен талқыланды». Бұл турасында «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Алдағы міндеттер айқындалды» деген атпен берілген мақаладан оқуға болады.

Бұл туралы «Казахстанская правда»  газеті кеңінен жазған. «Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасы мен «Жол картасының» жүзеге асырылу барысын баяндаған Премьер-Министр елімізде макроэкономикалық тұрақтылық сақталып, қаржы жүйесінің мығымдығы қамтмасыз етілгенін, банктерге  деген халықтың сенімі жоғалмағанын атап көрсетті», - дейді басылым.

«Егемен Қазақстан» газетінің бетінен орын алған «Қазақ елі» тақырыбымен берілген келесі мақала бүгін еліміздің бас қаласы Астанада  өткелі  отырған тарихи оқиғаға, яғни қаламыздың сыртқы сәнін ерекшелеумен бірге, ішкі мазмұнын одан әрі байыта түсер «Қазақ елі» кешенді монументінің салтанатты ашылуы болатынын жазған.

***

«Нұр Отан» ХДП- ның Парламент Мәжілісіндегі Фракциясының кеңейтілген жиналысына назар аударған  «Айқын» газеті де бүгінгі санындағы «Енді шенді-шекпенділер заңсыз тапқан табысын жасыра алмайды» деген мақаласында «шенеуніктерге қосылып, бұқара халық та салық органдарына ұзыннан ұзақ кезекке тұрып, жаппай табыс декларациясын тапсыратын күн жақын қалғанын» айтқан.

 Сондай-ақ аталмыш басылымның күнделікті «Ақ сөйле!» айдарындағы «Ар-ұяттан қорықпай, мемлекет мүлкіне қол салғандарда адалдық, уәдеге тұрақтылық болмайды» тақырыбымен берілген сұхбатта «Нұр Отан» ХДП- ның жанындағы жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Оралбай Әбдікәрімов елімізде кеңінен етек алған сыбайлас жемқорлықпен күресу жайлы ой өрбітеді.

***

«Бідің қыздар чемпион!». Осындай жаңалыққа жаршы болған «Астана ақшамы» газетінің бүгінгі саны көркем гимнастикадан елімізде тұңғыш рет өткен Азия чемпионатында Қазақстан қыздары алты мәрте алтыннан алқа тағып, жеңіс тұғырына көтерілгенін жазды.

Астана мейрамханалары мен дамханарын аралаған «Астана ақшамы» газетінің тілшілері «Ұлттық тағам дегенде ұяттымыз» деген мақала жариялапты. Аты айтып тұрғандай мақалада бүгінде дәріптелмей отырған ұлттық тағамдарымыздың тағдыры жайлы сөз болады.

***

«Ұра берсе, құдай да өледі» деген бар емес пе? Айта берсе, қозғай берсе, қазақ тілі де жарып шығар дейтін болса керек, қазақ тілінің жыртысын жыртып, зыр қағып жүрген Мәжіліс депутатының бірі - Бекболат Тілеухан Премьер-Министр Кәрім Мәсімовке тағы да сауал жолдады», - деп жазған «Алтын орда» апталығының бүгінгі санындағы мақала «Тілеухан тағы да тіліп түсті» деген тақырыппен берілген.

Аталмыш басылымның бүгінгі санындағы «Дипломатиядағы жаңаша жүрістер» тақырыбымен берілген келесі мақала жуырда өткен БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының жиыны мен  Қауіпсіздік кеңесінің отырысына тоқталыпты.

 Сондай -ақ  «Алтын орда» апталығының бүгінгі санындағы «Анасы саудың баласы сау» деген тақырыппен берілген сұхбат ана мен баланың денсаулығын жақсарту және басқа да өмірлік маңызды мселелерге байланысты ой өрбітеді.

«Нұр Отан» ХДП-ның Парламент Мәжілісіндегі Фракциясының кеңейтілген жиналысы турасында «Экспресс К», «Известия-Казахстан» газеттері де мақалалар жазған.

«2010 жылдың тағы бір ноу-хоуы: Премьер-Министр Республикада табысты жаппай жариялау енгізілетінін мәлімдеді, деп жазады  «Известия-Казахстан». Газет «көлеңкелі табыстың» көлемі жыл сайын 1 триллион теңгеден асады. Ал  Қазақстандағы жеке табыс салығы  әлемдегі ең төменгі салықтардың бірі саналады, небәрі 10 пайыз ғана. Сондықтан, салық реформасының  келесі қадамы азаматтардың табысы мен мүліктерін жаппай жариялауды кезең-кезеңімен енгізу болмақ» деген Үкімет басшысының сөзін келтіреді.