12:36, 24 Тамыз 2022 | GMT +5
Біздің мықты IT-мамандарымызды шетелдіктер 3-4 курстан алып кетіп жатыр - министр
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандағы білікті IT-кадрларды шетелдегі алпауыт компаниялар өздеріне тартып жатыр. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«IT-кадрларды неғұрлым мықты етіп даярласақ, соғұрлым оларды шетелге тартып алады. Жалпы, барша әлемде бұл мамандарға сұраныс жоғары болып тұр», - деді С. Нұрбек елордада өтіп жатқан «Адами капитал - Жаңа Қазақстан дамуының негізгі ресурсы» форумында.
Оның айтуынша, алдағы 3-4 жылда еліміз нарығына керек 100 мың IT-маманды даярлау керек.
«Біздің мықты деген IT-мамандарымызды шетелдіктер 3-4 курстан алып кетіп жатыр. Оларды өзімізде ұстап қалу оңай емес. Білікті мамандар әлемдік алпауыт компанияларда жұмыс істеуге талпынады. Олардың қаржыландыруы жастарды тартуға бағытталған. Үндістанның, Қытайдың кадрларын өздеріне тартып жатыр. Сондықтан біз де осы үрдіске түсіп қалдық», - деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Саясат Нұрбек алдағы 6-7 жылда Қазақстанда студенттер саны 1 млн-ға жетіп қалатынын айтты.