Біздің Нұрсұлтан әрқашан да сөзіне берік адам болатын! - Н.Назарбаевтың сыныптасы Сайлаубек Қыдырәлиев

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Біздің сұхбаттасымыз Мемлекет басшысымен есте қаларлық бірнеше кездесулері туралы былай дейді:
«Олардың бірі 1989 жылы Қаскелең қаласында «Ленин» совхозының Мәдениет үйінде болып еді, - деп еске алады Сайлаубек Қыдырәлиев, - онда Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа үміткер болып еді. Сонда аудан тұрғандарының атынан Тұрар ауылында жаңа мектеп салу жөнінде аманат берілді. Сол жылдың жазында-ақ құрылыс басталды, бірақ 1990 жылы белгілі бір себептермен құрылыс тоқтап қалды... 1992 жыл еді... мен Байсалбаев атындағы мектепте мұғалім болып жүр едім. Сабақ жүріп жатқан, аяқ астынан қарбалас басталып кетті. Ауданға Нұрсұлтан Әбішұлы келмек екен, біздің ауылға да соғып кететін көрінеді. Мен қуанып қалдым. Барлығына да енді мектеп салынатын болды деп айтып жүрмін. «Мектеп қашан салынады?» деген плакат та жазып қойдық. Президенттің жолбағытын қарауылдаудамыз. Ақырында, біздің ауылға Президенттің кортежі келді. Ол плакатты және мені көрді. Танып, тоқтады. Тұрған жеріміз болашақ мектептің орны қазылған шұңқырдың қасы еді. Екеуміз шүйіркелесіп әңгімелесіп кеттік, сөз арасында сыныптастығымды бұлдап, аманатымызды еске салдым. Сол бойда Президент Құрылыс министрі Романовқа мектеппен айналысуды тапсырды және аудандың бірінші басшысы Мырзабек Ахметовке мектеп директоры керек-жарақ іздеп шауып жүрмейтін болсын, өзің осы істің басы-қасында боласың, деді. Бұл кездесу біздің мектеп үшін тағдырлы кез болды. Сол жылы құрылыс жедеғабыл басталып, 1993 жылдың ортасына қарай мектептің барлық үш корпусының құпрылысы аяқталды, аздаған әрлеу және сантехникалық жұмыстары ғана қалды. Алайда сол жылдың соңына қарай қаржы жетіспеушілігінен құрылыс тағы тоқтап қалды»
Мектептің құрылысы 1997 жылы ғана қолға алынып, Алматы облысының қазіргі әкімі Серік Үмбетов аяқтап шықты.
- Біз оған 1997 жылы сәуірде көмек сұрап өтініш жасадық, ал үш күннен кейін ол құрылыс алаңына келді. Төрт айдың ішінде ғимараттың бір қанаты салынды, ал 2003 жылы мектеп толық іске қосылды, дейді Елбасының сыныптасы.
Ол әрқашан да өзгеше жарқын адам болатын.
- Менің сыныптастарым ішінде Нұрсұлтан Назарбаев өзгеше жарқын адам болатын, деді Мемлекет басшысының сыныптасы Сайлаубек Қыдырәлиев.
Менің онымен алғашқы таныстығым 1957 жылы басталды, онда ол Фурманов атындағы Шамалған мектебінде оқып жүрген болатын. Мен Абай атындағы мектептің интернатында тұрдым. Шамалған ауылындағы Алматы ауыл шаруашылығы техникумының студенті досым Дүйсен би кешіне барайық, деді. Мен досым Володя Жулабов екеуміз Қаскелеңнен жаяу тарттық. Би алаңында Нұрсұлтан Назарбаевпен таныстым. Жергілікті балалар мен техникум студенттерінің арасында қақтығыс туындап қалды. Алайда екі ортаға Нұрсұлтан араласып, уәжді сөзімен төбелеске жол бермеді. Ал Нұрсұлтан Қаскелеңдегі Абай атындағы мектеп-интернатқа оқуға ауысқанда, біз ескі достарша қауыштық. Мектеп бітіру кешінде түскен суретімізде екеуміздің фотоларымыз қатар орналасыпты», - деді ҚР Президентінің сыныптасы.