Біздің ортақ мақсатымыз - сайлаудың ашықтығын қамтамасыз ету - ОСК
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада семинар-тренинг барысында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен сайлау бақылаушыларымен кездесіп, олардың сауалдарына жауап берді.
«Сіздер президенттік сайлауда бақылау процесіне қатысасыздар. Сайлау комиссияларының қызметкерлерімен әрдайым байланыс жасап тұратындарыңыз анық. Тәуелсіз бақылаушы болсаңыздар да, біздің басты ортақ мақсатымыз - сайлаудың ашықтығын қамтамасыз ету. Егер қоғамдық ұйымдардың атынан келген бақылаушылар олқылықтарды көріп жатса және ол туралы сайлау комиссиясын құлақтандырып отырса, комиссия қызметкерлеріне ғана емес, барлық сайлау барысына үлкен көмек бересіздер», - деді ол.
Оның айтуынша, ол үшін бақылаушылар мен сайлау комиссиясының мүшелері арасында байланыс болғаны абзал.
«Ең басты минус - сайлау комиссиясы өз жайымен, бақылаушылар өз ісімен жүреді. Сондықтан біз сіздердің телефон нөмірлеріңізді облыстық сайлау комиссияларына жолдай аламыз. Сіздерге сайлау комиссияларымен байланыс орнатуға жол ашылады. Мемлекет те, мүдде де бір - сондықтан процестің тазалығына жұмыс жасайық», - деп түйді ойын Л.Сүлеймен.
«ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын қоғамдық бақылаудың рөлі: демократиялық концепт» атты семинар-тренингті Сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия ұйымдастырған болатын. Оның басты мақсаты - бақылау процесін жетілдіру. Оған сайлауалды бақылаушылар мен қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты.