11:34, 15 Мамыр 2009 | GMT +5
Біздің жолымыз ? Н. Назарбаев айқындаған «Қазақстандық жол» - Үкімет басшысы К. Мәсімов
АСТАНА. Мамырдың 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Әлемдік экономикадағы қазақстандық жол ешқашан қарапайым болған емес. Бүгін «Нұр Отан» ХДП кезектен тыс ХІІ съезінде сөз сөйлеген ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Белгілі ойшыл Ф.Ницше: «Кім бағдар бере білсе - сол ұлы» деген екен. Біздің жолымыз - Н. Назарбаев айқындаған «Қазақстандық жол». Біз осы жолдан таймақ емеспіз», деді К. Мәсімов. Сонымен бірге, жиындағы сөзін Мемлекет басшысының ең бірінші халыққа Жолдауында айтылған сөздермен аяқтаған Үкімет басшысы сол кездегі стратегияның бүгінгі күні де маңызды болып отырғанын айтып өтті. «Елбасы алғашқы Жолдауында: «Біз жаһанданудың өсуі мен өзара тәуелділіктің артып отырған заманында өмір сүрудеміз. Біздің бүгінгі қиын жағдайымыз үмітіміз бен жігерімізді жасытпауы керек. Біздің перспективаны дұрыс түсіну - барлық азаматтарды жалпы міндетті шешуге жұмылдырады», деген еді. Сондықтан да біздің алдағы жұмысымыз мемлекетіміздің жаңа сападағы дамуына бағытталып, бұл үшін партия жұмысы ешбір бәсеңдемейді. Шындығында әлемдік экономикадағы «қазақстандық жол ешқашан қарапайым болған емес. Бірақ біз дәл осы жолды таңдадық. Сондықтан да алдағы міндеттерді тиімді шеше алатынымызға сенімдімін», деді К. Мәсімов.