Бізге есеп емес, нақты іс керек! - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев
sp;АСТАНА. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Менің 15 жасар ұлым бар. Сол балам мектептен келгенше, жанымды шүберекке түйіп отырамын. Өйткені Тараздағы мектеп оқушыларының көбі - жасөспірімдерден құрылған қылмыстық топтардың мүшесі. Мектеп, аудан болып төбелесіп жатады. Аты-жөнімді айтсам, балама кесірі тие ме деп қорқамын.
Бүгін Ақордада тікелей желі арқылы халықпен тілдесіп жатқан ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хабарласқан Тараз қаласының тұрғыны осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осы мәселе бойынша Елбасы Жамбыл облысының әкімі Бөрібай Жексембиннен есеп алды. Оның сөзіне қарағанда, жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде соңғы жылдары жасөспірімдер арасындағы қылмыстар саны азайып келеді, бұқаралық ақпарат құралдарында тараған ақпараттың біразы шындыққа жанаспайды. «Қазіргі кезде құқық қорғау және прокуратура органдары жасөспірімдердің қылмыстық әрекеттерге қатыспайтындығын анықтап отыр», - деді Б.Жексембин.
Ал ҚР Ішкі істер министрі Серік Баймағанбетовтың айтуынша, биыл облыс бойынша кәмелеттік жасқа толмағандардың қатысуымен 140 қылмыстық оқиға орын алды. Оның 90-ы облыс орталығы - Тараз қаласына тиесілі. Қазіргі кезде құқық қорғау органдарында ауыр қылмысқа бара алатын 18 мыңнан астам жасөспірім тіркеуде тұр.
«Бізге есеп емес, нақты іс керек!», - деді Президент әкім мен министрге қаратып айтқан сөзінде. Осы мәселе бойынша Н.Назарбаев облыс басшылығына, ҚР Ішкі істер министрлігі мен ҚР Туризм және спорт министрлігіне тиісті тапсырма беріп: «Бүгінгі таңда жастардың демалыс уақыттарын дұрыс пайдалануын қамтамасыз ету қажет. Олар өздерін спортта көрсетсін. Сондай-ақ осы мәселе бойынша ата-аналармен тиісті жұмыс жүргізу қажет», - деді Елбасы.