Бізге қарапайым халықтан шыққан азаматтар қажет – Азаматхан Әміртаев
«Біздің партияның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау және адам денсаулығы. Бұл – өмірдегі ең маңзды құндылық болып саналады. 30 жыл зауыттарды, кәсіпкерлікті қолдаймыз деп, мына партиялар қолдау көрсетті. Соңында не болды?! Адамдарымыз ауруға шалдықты. Біз сайлау кезеңінде көп зауыттарға бардық. Қаншама ауру адамдар бар. Олардың жағдайын кім ойлап жатыр? Егер әр өндіріс адамға бақыт әкелмейтін болса, оның бізге керегі не?! Сондықтан біз үшін бірінші кезекте - қоршаған орта, екінші – адам денсаулығы. Бүгінде кәсіпорындар 364 млн тонна СО2 газын ауаға бөліп отыр. Қаншама миллиондаған адамдар ауруға шалдығып жатыр. Көптеген мүгедек балалар туып жатыр. Сондықтан біз қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, энергетика мәселесіне көңіл бөлуіміз қажет», - деді Азаматхан Әміртаев.
Бұл мәселеден бөлек, ол жергілікті өзін-өзі басқару органдары туралы жаңа заң қабылдау қажет екенін атап өтті.
«Сонымен қатар бүгінгі күні әлеуметтің жергілікті басқару жүйесімен байланысы жоқ. Сол үшін жаңа заңды тез арада қабылдауымыз керек. Егер біз парламентке баратын болсақ, жергілікті өзін-өзі басқару заңын қолға аламыз. Сол арқылы біз жергілікті халықтың билікке дауысы жететіндей етіп жасаймыз», - деп тоқталды «Байтақ» партиясының өкілі Азаматхан Әміртаев.
Еске сала кетейік, «Qazaqstan» ұлттық арнасының тікелей эфирінде Мәжіліс сайлауына қатысатын 7 саяси партия өкілдерінің арасында өткен пікірсайыс бірер сағат бұрын аяқталды. Оған «Amanat» партиясынан Елнұр Бейсенбаев, «Ауыл» халықтық демократиялық партиясынан Жигули Дайрабаев, Respublica партиясынан Сырымбек Тау, Қазақстан Халық партиясынан Асхат Асылбеков, «Байтақ» жасылдар партиясынан Азаматхан Әміртаев, «Ақ жол» демократиялық партиясынан Берік Дүйсембинов, ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Нұрлан Әуесбаев қатысты.